Тұрғын үйдің қасбетіндегі плиталардың құлауына кім кінәлі?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қатты жел тұрса, көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасынан плиталар ұшып кетіп жатады. Бұндай оқиғаға елорда тұрғындарының еті үйренген. Осындай оқиғалардың орын алуына кім кінәлі? Мұндай жағдайларда қарапайым тұрғындарға не істеу керек? «Сарыарқа» ауданының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Рустам Бегалинов осы тектес сұрақтарға жауап берді, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.
- Сарыарқа көшесіндегі 11-ші үйдің тұрғындарынан шағым түсті. Проблема ғимараттың қасбетін әрлейтін плиталарға қатысты. Сіздің тарапыңыздан қандай шаралар қолға алынды?
- Біз біраз тексеру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда барлық мәліметтер төтенше жағдайлар департаментіне жолданған. Департаменттегілер осы оқиғаға тиісті квалификациясын беруі керек. Осыдан кейін ҚР Заңнамасына сәйкес шаралар қолданылатын болады. Үй апатты деп танылса, төтенше жағдайлар кезінде үйді жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қор қаражатын жұмсау құқығы беріледі.
- Тұрғындар апатты жағдай орын алмай тұрып, ғимараттың қасбетін әрлейтін плиталардың құлағанын көрсе, оларға не істеу керек?
- Ғимараттардың қасбеттері де жалпы мүлікке жатқызылады. Бұл туралы заңнамада жазылған. Қызмет көрсетуші ұйым (үйдің тұрғындары өздері таңдаған ПИК, ЖШС, ЖК) жылына екі рет тексеріс жұмыстарын жүргізуі қажет. ПИК-тер ғана емес, мамандандырылған мердігер ұйымдар да осы мәселелермен айналысуы керек. ПИК-тер оларды тарту арқылы проблемалық нысандарды көрсетуі тиіс. Алынған мәліметтер арнайы актіге түсіріледі. Бұл құжаттар ПИК-терде сақталады. Бұл - төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жүргізілетін жұмыстар.
Монтаж дұрыс жасалған жағдайда жүйе қалыпты түрде жұмыс істейтін болады. Кезінде құрылыс жұмыстарын жүргізген компания қателіктер жіберсе де, ПИК кепілді мерзім ішінде оларды жоя алады. Кепілді мерзім ішінде ПИК проблемалардың барлығын анықтап, заңға сәйкес әрекет етуі тиіс болатын. Шағымдарды түсіру де заңға сай болуы керек еді.
- Көбіне 10 жылдан астам бұрын салынған үйлердің қабырғасындағы плиталар құлайды. Пайдаланудың кепілді мерзімі аяқталған жағдайда не істеу керек?
- Жылына екі рет тексеріс жұмыстарын жүргізіп, мақсатты алымдарды ұйымдастыру қажет. Желдетілетін қасбет - бұл үлкен жүйе. Ол - монтаж дұрыс жасалған жағдайда, пайдалану ережелерін сақтаған жағдайда өте сенімді құрылым.
- Апатты жағдай орын алды делік. Бұған кім жауап береді?
- Бүгінге дейін жауапкершіліктен ешкім жалтарған емес. Ғимараттың қасбетінен құлайтын плиталар көлік иелеріне зиян келтіреді. Бұл - ПИК-тің мойнындағы жауапкершілік. Кооператив зақымдалған көлікті қалпына келтірумен айналысады. Төтенше жағдай орын алған кезде ПИК-тің жауапкершіліктен бас тартқан оқиғалары тіркелген жоқ.
- Осыған ұқсас проблемаларды шешу үшін қалада не істеліп жатыр?
- Үш қабаттан жоғары тұратын аспалы қасбеттердің монтажына 2011 жылдан бастап тыйым салынған. Сол себепті біз апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында проблемалы нысанға жататын үйлердің тұрғындарымен тығыз қарым-қатынастамыз.