Тұрғын үйдің жалпы қажеттілігіне кететін шығындарды тұрғындар емес, ПИК-тер төлеуі тиіс - Астана әкімі

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бұдан былай Астанадағы жайластырылған үйлердің тұрғындары үйдің жалпы қажеттілігіне кететін шығындарды төлемейтін болады.

Тұрғын үйдің жалпы қажеттілігіне кететін шығындарды тұрғындар емес, ПИК-тер төлеуі тиіс - Астана әкімі

Ол міндеттер пәтер иелері кооперативтеріне жүктелді. Бүгін әкімдікте өткен кеңесте Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов осыған сәйкес тиісті тапсырма берді.

«Пәтер иелері кооперативтері туралы Заңға сәйкес, ПИК-тер үйдің ауласына, кіреберістер мен жертөле бөлмелеріне кететін шығындарды өздерінің есебінен өтеуі тиіс. Адамдар ол үшін ақша төлейді. Сондықтан тұрғын үйдің жалпы қажеттілігіне кететін шығындар ПИК-терге есептелуі тиіс. Бұған қатысты түрлі талқылаулар болуы мүмкін, олардың дені Заңға сәйкес емес, сіздердің қаржылық жағдайларыңыздан шығады. Бірақ бұл сіздердің шаруаларыңыз», - деді қала басшысы ПИК басшыларына қаратып айтқан сөзінде.

И.Тасмағамбетовтың айтуынша, ПИК-тердің төлемге қабілетсіз болуынан-мыс, үйлердің кіреберістерін жарықтандыру және басқа да қызметтер үшін шығындар тұрғындардың мойындарына ілінбеуі тиіс.

Әкім өзінің орынбасары Василий Крыловқа бір айдың ішінде барлық қызметтермен кеңес өткізіп, тұрғын үйдің жалпы қажеттілігіне кететін шығындарды ПИК-терге жүктеуді тапсырды.

«ПИК туралы қабылданған заңның кем-кетіктері бар. Тұрғын үй қорына сапалы қызмет жасау үшін атқарушы билік алдындағы ПИК-тердің құқықтық жауыпкершіліктерін қамтамасыз ететіндей, биыл тиісті заңға өзгерістер енгізу туралы мәселені көтеремін», - деді И.Тасмағамбетов.