Тұрғын үйлерді жөндеуге қаражат жинау тетіктері регламенттеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар көздейтін заң жобасын бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғын үйлерді жөндеуге қаражат жинау тетіктері регламенттеледі

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реформалау мақсатында министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Заң жобасында Қазақстан Республикасының үш Кодексіне және 12 заңына өзгеріс енгізу көзделген», - деді Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында аталған мәселе бойынша баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Осы ретте ол заң жобасындағы бірқатар тұжырымдамалық түзетулерді атап өтті.

«Бірінші - тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеуге қаражат жинау тетіктерін регламенттеу.

Бұл үшін күрделі жөндеуге меншік иелері ай сайын екінші деңгейлі банктегі жинақ шотына пәтердің/тұрғын емес үй-жайдың пайдалы алаңының 1 шаршы метріне 0,02 есе АЕК көлеміндегі соманы салады. Қаражаттың жартысы жиналғаннан кейін банк күрделі жөндеу жұмыстарына кредит беруге құқылы», - дейді ол.

Министрдің айтуынша, екіншіден - басқару органдары қызметін тұрғындардың  бақылауын қамтамасыз ету және меншік иелері, басқарушы компаниялар, қызмет көрсетуші ұйымдар және әкімдіктер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру.

«Келесі ол - мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегін автоматтандыру және түгендеу. Қазіргі уақытта министрлік «Кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық дерек қоры» сервистік бағдарламалық  өнімін әзірлеп, пайдалануға енгізді. Биыл шілде айында сервистік бағдарламалық  өнімді қолдана отырып, қайта түгендеу жүргізілді. Қазіргі уақытта министрлік осы деректердің негізінде аталған заң бұзушылықтарды заңнама талаптарына сәйкестендіру  үшін жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп жатыр», - деді Жеңіс Қасымбек.

Мұнан бөлек, заң жобасында жергілікті атқарушы органдар бекітетін пайдалану шығындарының ең төмен мөлшерін белгілеу қарастырылған. Ол көппәтерлі тұрғын үйді басқару, санитарлық тазалау, авариялық жағдайларды жою, техникалық қызмет көрсету бойынша төлем мөлшерін қалыптастырудың бірыңғай тәсілдерін анықтауды қамтиды.

«Пәтерлер мен тұрғын емес үй-жай меншік иелерінің негізгі құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Мұнда барлық пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері  ортақ мүлікті тең пайдалану құқығына ие және олар көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін сақтау  мен оны қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге, күрделі жөндеу және тағы да басқа  шараларды қабылдауға міндетті болады»,- деді ол.