Тұрғындар келешекке үлкен сеніммен қарай бастады – кәсіпкер
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттер қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы «Каменка және Д» ЖШС директоры Алексей Джейранов осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президенттің үкіметтің кеңейтілген отырысындағы үндеуі ерекше қолдауға лайық. Өз басым Президент жүктеген тапсырмалар жергілікті жерлерде орындалып, оның нәтижесін әр қазақстандық сезінетініне сенімдімін. Бұл тұрғыда Президенттің айтқандарын толық қолдаймыз. Біз бүкіл мәселе бойынша Президенттің жанынан табыламыз. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын халық қолдайды. Ол адамдарды рухтандырып отыр. Тұрғындар келешекке үлкен сеніммен қарай бастады», - дейді А.Джейранов.
Оның айтуынша, елде демократиялық қайта құру басталады, оны толық қолдау қажет.
Кәсіпкер ауылдастары биліктің қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ескергендігіне қуанғанын айтады.
«Бәріміз бюджетке салық төлейміз, бірақ бұл ақша бұрын қайда кетті? Неліктен адамдардың жалақысы аз? Олар осындай қымбатшылықта дұрыс өмір сүре ала ма? Шынында да, адамдарға лайықты жалақы беріп, жұмыс орындарын құрып, еңбек жағдайын жасау керек. Бағаға келетін болсақ, әрине сұраныс болмаса, баға өспейді. Өзіміз ештеңе өндірмей сырттан сатып алатын болсақ, баға шарықтамағанда қайтеді. Біз өте бай елміз, мүмкіндігіміз көп, Президент айтқандай соны дұрыс жарата білуіміз керек», - деп толықтырды А.Джейранов.
Ол атап өткендей, демократиялық өзгерістер елде бұрыннан пісіп-жетілді.
«Ұрланған ақша шетелден халыққа қайтарылуы керек деп санаймын. Бұл утильдік алым жинауға да қатысты. Қай мемлекетте мұнымен жеке компания айналысады? Осыны дұрыс жолға қою керек» - деп түйіндеді кәсіпкер.
А.Джейрановтың пікірінше, Президент көтерген барлық мәселелер өзекті, олардың шешімін бірлесіп соңына дейін жеткізуміз керек.