Тұрғындар ұсыныс жолдайтын «Берекелі бастау» бағдарламасына Павлодар қаласы қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Берекелі бастау – қалалық бастама» бағдарламасына Павлодар қаласын қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында азаматтардың нақты қажеттіліктеріне сәйкес, ондаған абаттандыру жобалары жүзеге асырылғанын атап өткен болатын. Бұдан кейін абаттандыру мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылыққа арналған бюджетке халықтың қатысуын арттыру керектігін, оның өте маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымы шеңберінде мемлекет аппараты азаматтар мүдесі үшін жұмыс істеуі керек. Осыған байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Q88 урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, қазіргі тенденцияларды ескере отырып, «Берекелі бастау – қалалық бастама» бағдарламасын іске қосты», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бастамада алғашқы екі қала ретінде Ақтау мен Атырау таңдалған еді. Аталған қалалардың орамдары мен аудандарын, оның ішінде инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үй қорын жаңғырту мен абаттандыруды дамытудың кешенді тәсілін қарастыру жоспарлануда. Онда жобалар пакетін жасау және басып шығару, тұрғындардан ұсыныстар жинау, осы қалалардың тұрғындарының дауыс беруі арқылы жобаларды іріктеу және жеңімпаз жобаларды одан әрі іске асыру қарастырылған.

«Бүгінгі күні «Берекелі бастау» бағдарламасының сайтында Ақтау және Атырау қалаларын дамыту бағдарламасының хабарландыруы және тұсаукесері жарияланып, қоғамдық тыңдаулар өтіп, тұрғындардан ұсыныстар жиналуда. Ақтау қаласынан - 52, Атырау қаласынан 45 ұсыныс түсті. Ұсыныстарды жинау 2022 жылдың 1 сәуірінде аяқталды. Келешекте Қазақстанның Павлодар, Шымкент, Тараз, Сәтбаев сияқты қалаларын қамтуды жоспарлап отырғандықтан, жобаға қосылатын келесі қала ретінде – Павлодар таңдалды. Сонымен 8 сәуірден 8 маусымға дейін ұсыныстарды жинап, одан кейін 11 маусымнан дауыс беруді бастап, жобаны іріктеудің барлық кезеңдерінен өткен және жеңіп шыққан жобаларды жүзеге асыруға кірісу қажет», - деді Е. Дауылбаев.

Айта кетейік, жыл басында Қалаларды сапалы жоспарлау Berekeli bastama платформасында талқыланатыны жарияланған еді. Порталда қаланың әр тұрғыны инфрақұрылымды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын бере алады. Жобаларды мамандар ғылыми тұрғыда қарастырып, ең үздіктері дауыс беру үшін порталда жарияланады.



Соңғы жаңалықтар