Тұрғындар үйлерді жаңғыртудың нәтижесін сезінгеннен кейін бағдарламаны іске асыру қарқыны арта түседі - С. Есілов

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Тұрғын үй коммуналдық жаңғырту бағдарламасын іске асырылған жобалардың тәжірибелік нәтижелерін ескере отырып насихаттау керек.

Тұрғындар  үйлерді жаңғыртудың нәтижесін сезінгеннен кейін бағдарламаны іске асыру қарқыны арта түседі - С. Есілов

Бұндай пікірді бүгін Астанада аталған саладағы мәселелерге арналған республикалық конференцияда Астана қалалық мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов айтты.

 «Астанада былтырғы және биылғы жылдары 12 үй толық жөндеуден өтті. Ал 24 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Жақында біз күйші Дина көшесіндегі толық жөндеуден өткен үйді таныстырдық. Жалпы оның тұрғындары осы жөндеу жұмыстарын оңтайлы бағалап отыр»,-деп тоқталды ол.

С. Есіловтың пайымдауынша, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағдарламасын насихаттау керек және осыған бұқаралық ақпарат құралдарын тарту қажет.

Ол көппәтерлі үйлердің тұрғындары жаңғыртудың нәтижесін сезінгеннен кейін бағдарламаны іске асыру қарқынының белсенділігі арта түсетініне баса тоқталды.