Тұрғындарды желіде балағаттаған Щучье әкімі қатаң сөгіс алды
«ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Бурабай ауданы Щучье қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетовтың «Instagram» әлеуметтік желісіндегі дөрекі сөзіне қатысты жарияланымдар анықталды. Сонымен қатар, әкімнің іс-әрекеті қоғам тарапынан жағымсыз қоғамдық резонанс пен сынға алып келді. Аталған деректі, сондай-ақ жарияланымдарда баяндалған мән-жайларды зерделеу нәтижелері бойынша биылығы жылғы 8 тамызда Департаментпен мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 34-тармағына сәйкес Олжас Нұрмағамбетовке Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолдану үшін материалдар Бурабай ауданының әкіміне жолданды. Бурабай ауданы әкімінің 2023 жылғы 8 тамыздағы өкімімен Олжас Нұрмағамбетовке «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолданылды», - деп бейнеүндеу жасады Думан Әбілев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар, департамент басшысы Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы қажет екендігін еске салды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Щучье әкіміне қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатқандығын жазған едік.