Тұрғындардың басым бөлігі денсаулық саласындағы мемлекет кепілдік берген құқықтарды білмейді - Денсаулық сақтау министрі

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.
«Денсаулық сақтау қызметіне берілетін баға ұсынылған медициналық қызметтің сапасына қатысты екенін мойындаймыз. Ал бұл бағытта тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар болмай қоймайтыны тағы белгілі. Дегенмен, шағымдар құрылымына үңілсек, олардың басым бөлігі сапалы қарау мен емдеуге, уақытша еңбекке жарамсыздығын беретін анықтаманың негізділігіне, сондай-ақ науқастарды қабылдауды ұйымдастыруға (ең бастысы медицина мекемелеріндегі кезек мәселесі) қатысты болып отыр. Ал келіп түскен шағымдардың үштен бір бөлігі негізді болып табылды», - дейді министр Салидат Қайырбекова. Оның айтуынша, арыз-шағымдардың басым бөлігінде тұрғындардың мемлекет кепілдік берген құқықтарды білмейтіндігі белгілі болған.
«Жалпы денсаулық сақтау саласындағы дәстүрлі жүйенің барынша сынға ұшырауына қарамастан, тәуелсіз зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 82 пайыз респонденттер денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттанатындықтарын жеткізген. Бұл жүйенің «нашар» жағдайына қатысты әрбір 6-шы сұралушы атап өткен. Бұл проблемаларды шешуді былтырдан бері қолға алып келеміз», - дейді министр.