Тұрғындардың денсаулығы - мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің арқауы - С. Диқанбаева

АЛМАТЫ. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Елде адамдардың тек 15,5 пайызы ғана күнделікті 30 минуттан аса уақыт дене шынықтырумен айналысады.

Тұрғындардың денсаулығы - мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің арқауы - С. Диқанбаева

Бұл туралы бүгін Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығында Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған «Жұмыс істейтін тұрғындардың денсаулығын нығайту және қорғау» деген тақырыпппен өткен «дөңгелек үстел» отырысында айтылды.

«Тұрғындардың денсаулығы - мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің арқауы. Сондықтан, елдің орта өмір сүру жасын ұзартуда ұлттың сауығуын қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдіріп және енгізіп отыру қажет. Бірақ, адамдардың белсенді қатысуынсыз ұлт денсаулығын сақтау проблемаларының бір бөлігін де шешу мүмкін емес. Еліміздің барлық халқы өз денсаулығын және өз балаларының денсаулығын нығайту мен сақтауға жауапкершілікпен қараулары керек», - деп атап өтті отырыс барысында Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры Сәуле Диқанбаева.

Оның айтуынша, қауіп-қатердің көп таралуы көбіне тұрғындардың өз денсаулығына, өз отбасының және айналасындағылардың денсаулығына салғырт қарауынан болуда. «Өлім құрылымындағы басты позицияны қан айналымы, ісік, тыныс алу және ас қорыту мүшелерінің аурулары болып отыр. Бұл аурулардың түп-тамырында темекі тарту, алкоголь тұтыну және басқа да зияндвы әдеттердің ықпалы жатыр. Еліміз тұрғындарының өмір салтына әлеуметтік зерттеу жүргізгенде, Қазақстанда темекі тарту 12 жастан жоғары тұрғындар арасында 27 пайызды, алкогольді қауіпті мөлшерде қолдану - 17 пайызды, ал артық салмақ - 37 пайызды құрады», - деді ол.

Оның пікірінше, адамдардың өмір салтына белсенді және жүйелі түрде кірісу олардың денсаулығын нығайту мен сақтауда оң нәтиже береді. «Оған әртүрлі елдің жүргізген тәжірибелер мен халықаралық зерттеулердегі мәліметтер дәлел бола алады. Мәселен, алкогольді денсаулыққа қауіпті мөлшерде қолдануды 10% төмендетсек, ер адамдар арасындағы өлімді 20 пайызға, бақытсыз жағдайлардан болатын өлімді 5 пайызға қысқартуға болады. Егер халық жеміс және көкөністерді күніне орташа алғанда 400 грамға дейін тұтынса, жүректің ишемиялық ауруын 20%-ға, инсультты - 25%, қатерлі ісікті - 20%-ға төмендетуге болады. Холестерин деңгейін 1% төмендету, жүректің ишемиялық ауруынан көз жұмуды 2-4% төмендетеді. Темекі тартуды 1% төмендету миокард инфарктінен 2000 өлімнің алдын алады. Артериалдық қан қысымының көтерілуін 1%-ға азайту жылына 1500 өмірді сақтайды», - деді С. Диқанбаева.