Тұрғындардың өтініші бойынша Астанадағы Өндіріс кентінде Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды
АСТАНА. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат - Бүгін, сәуірдің 12-сі күні Астана қаласындағы Өндіріс елді мекенінде Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
100 шаршы метр аумаққа орналасқан «Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2-ші халыққа қызмет көрсету орталығы» Мемлекеттік мекемесінде құжаттарды беру және жинақтау бөлімі жұмыс істейді. Келешекте ХҚО-ның ғимаратында аталмыш елді мекендегі «Қазақстан Халық банкінің» алғашқы филиалы орналасатын болады.
Айта кетейік, Өндіріс кентінде ХҚО-ны ашу туралы өтінішті, ағымдағы жылғы ақпан айының 4-і күні Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен болған есептік кездесуде қала тұрғындары айтқан болатын.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап ХҚО-лар Әділет министрлігінің құзырынан жергілікті атқарушы органдарға берілді. Бүгінгі күні Астана қаласында 5 ХҚО мен олардың 2 филиалы жұмыс істейді. ХҚО-лар 14 мемлекеттік орган ұсынып отырған 62 қызметті көрсетеді.