«Тұрғынүйқұрылысбанкі» жұмысы тағы да сынға ұшырады

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» жұмысы тағы да сынға ұшырады. Бүгін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов аталған банктің қызметіне қатысты сын айтты.

«Тұрғынүйқұрылысбанкі» жұмысы тағы да сынға ұшырады

«Міне, қараңызшы, облыстардың тең жартысы «Тұрғынүйқұрылысбанкі» бойынша баспананы пайдалануға беру жоспарын 100 пайызға орындаған. Ал өңірлердің қалған жартысы 75-тен 0 пайызға дейін орындаған. Сонда сіздер Қазақстан өңірлерін бөліп-жарып отырсыздар ма? Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстары неге 100 пайызға орындаған? Бәріне бірдей жүйелі, бірыңғай себебі болса бір жөн. Ал қалған өңірлер Шығыс Қазақстан - 75, Атырау - 69, Алматы - 60, ОҚО - 39, Астана, Павлодар - 20, Маңғыстау мен Жамбыл - 0 пайыз. Ол жақта ешкімге баспана керек емес пе?»,- деді С.Ахметов банк басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұловқа қарата. Банк басшысының атап өтуінше, еліміздің барлық өңірлерінде баспанаға сұраныс 2 еседен асады. Дегенмен, банк құрылыс жұмыстарын жеделдету үшін қандай да бір шаралар қолдануға қауқарсыз. Яғни, қаржы институты құрылысты қаржыландыруды ғана жүзеге асырады әрі оны барлық өңірлер бойынша да тыңғылықты орындауда. Ал, құрылыс жұмыстарының жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдардың мойнына артылған жүк. «Сіздер пайдалануға беру жоспарын орындап отырған жоқсыздар ғой. Ақша бар, лимит айқындалған. Бұл санат бойынша пайдалануға беру жоспары - 484 мың шаршы метр. Іс жүзінде пайдалануға берілгені - 308 мың шаршы метр. Сіздердің игерген өңірге қаржыны ұлғайтуға құқыларыңыз бар, неге пайдаланбайсыздар?», - деді Үкімет басшысы. Бұл орайда А.Жұмағұлов жоспар белгіленген өңірлермен келісім жасалып, пул қалыптастырғандықтарын, яғни банк өз міндеттерін толық атқарып отырғандығын атап өтті. «Бір тараптың барлығын істеп, келесінің түк атқармауы мүмкін емес. Демек, жалпы банктің, сол өңірлердегі филиалдарыңыздың жұмысы бәсең. Ол жақта қаншама адам отырса да, олар жұмыс істемейді деген сөз. Сіз де салғырттыққа салынғансыз», - деді С.Ахметов.