Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің басшылығы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатыса алмайды
АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат - «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» акционерлік қоғамының басшылық құрамы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатыса алмайды.
Шектеу тек аталған мемлекеттік бағдарламаға ғана қойылған және банктің басқа өнімдеріне қолданылмайды. Яғни, ҚТҚЖБ басқарушы қызметкерлерінің үйді салуға немесе жөндеуге, үйді сатып алуға, ипотекалық қарызды өтеуге құқығы бар, деп хабарлайды қаржы мекемесінің баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басшылық құрамына: директорлар кеңесінің, басқарма кеңесінің мүшелері, басқарушы директорлар, банктің бас бухгалтері, ішкі аудит қызметінің басшысы, комплаенс-бақылаушы, банк филиалдарының директорлары мен бас бухгалтерлері енеді.
Сонымен қатар, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына акционерлік қоғам басшылық құрамының отбасы мүшелері де қатыса алмайды.
ҚТҚЖБ қызметкерлері бұл қадамға өз еркімен барды. Олар өздерінің Бағдарламаға қатысуы немесе соған ықпал етуі банктің атына кір келтіреді деп санайды.