«Тұрғынүйжинақбанкі» жүйесі арқылы алдағы үш жылда 1,5 мың пәтер салынады

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - «Тұрғынүйжинақбанкі» жүйесі арқылы алдағы үш жылда 1,5 мың пәтер салынады.

«Тұрғынүйжинақбанкі» жүйесі арқылы алдағы үш жылда 1,5 мың пәтер салынады

Бұл туралы бүгін қолжетімді баспана мәселесіне арналған шара барысында «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Жаңабергенов мәлім етті.

«Тұрғынүйжинақбанкі» жүйесі арқылы алдағы үш жылда 1,5 мың пәтер салынады. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді жүргізу мақсатында қала аумағында жер учаскелері бөлінді», - дейді ол.

Оның айтуынша, мұның барлығы ҚР Президентінің тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын іске асыруға арналған жоспарлар.

Ал «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ директоры Мұрат Шәріповтің айтуынша, Астана бойынша көппәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. «Онда 700-ден астам пәтер бар. Бұл үйлер техникалық жабдықталған, бірден қоныстануға болатындай таза, дайын күйде бөлінеді», - деп атап өтті М. Шәріпов.

Сонымен қатар қазіргі уақытта елде мемлекеттік қордан халықты арендалық баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жүйе арқылы соңғы 3 жылда үш мыңнан астам пәтер бөлінді.