Түрік азаматы лотерея ойнап, ғарышқа жолдама ұтып алды
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Ғарышқа тегін ұшуға мүмкіндік алған түрік азаматы жерден тысқары кеңістікте намаз оқуды жоспарлап отыр. 41 жастағы ұлты түрік Ержан Қайғысыз жылу қондырғысын сатып алу кезінде ұтысы бар ойын билетіне ие боламын деп мүлдем ойламаған еді.
Алғашқыда ол ойын билетіне аса мән бере қоймаған болатын. Тек ермек үшін ойынға қатысып көрмек болады. Аяқ астынан бағы жанып, бақыттан басы айналған ол: «Шаттығымда шек болмады, - деді қуанышымен бөліскен ол. - Үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай... Қарапайым ауыл адамымын. Сөйте тұра ғарышқа ұшамын... Сенудің өзі қиын!».
Ол бұл бақытқа «иманымның және намазымды қаза қылмай оқығанымның арқасында жеттім», - деп есептейді. «Сол себепті, ғарышқа өзіммен бірге қасиетті Құранымды, жайнамазымды және түріктердің байрағын ала кетемін. Егер сәті түссе ғарышта екі мәрте намаз оқуға бел буып отырмын».
Muslim.kz сайтының жазуынша, ол ғарышқа 2013 жылдың желтоқсан айында ұшады.