Түрік инвесторы Түлкібаста су электр станциясын салмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Баламалы энергия көздері жобасы бойынша инновациялық жоба болып табылатын шағын су электр станциясын салу мақсатында Түркия Республикасынан келген инвесторлармен Түлкібас ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков кездесті, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Түрік инвесторы Түлкібаста су электр станциясын салмақ

Кездесуде аудан әкімі Түркия Республикасының «Индустриал» компаниясының қаржылық директоры Ильяс Кошасланға аудандағы  су және жел  арқылы  шағын электр энергиясын өндіретін станцияға қолайлы Машат, Арыс, Құлан өзендері және су қоймалары мен желдің басым бағыттары жайында таныстырды. Баламалы энергия көздерінің жасыл экономика саласындағы негізгі бөлігі екендігін айта келе, ауданда жобаға қолайлы болатын бағыт бойынша барлық қолдау шаралары жасалатынын жеткізді.

Түркия Республикасының «Индустриал» компаниясы  жалпы құны 2,0 млрд. теңгеге жуық, жалпы қуаттылығы 4,2 мВт  табиғи эллектр қуатын өндіретін су электр станциясын Машат өзені бойынан салуды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.