Түрік компаниясы Алматы облысында жеңіл рельсті транспорт салуға ниетті

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде жеңіл рельсті транспорт (LRT) салуға ниетті «Ташяпы» түрік компаниясымен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түрік компаниясы Алматы облысында жеңіл рельсті транспорт салуға ниетті
Иллюстрациялық фото/ royal-education.agency

Облыс әкімдігінде бұған дейін екі кездесу өтіп, жоба талқыланған болатын. Бүгін де LRT салудың Алматы қаласы мен облыс тұрғындары үшін қолайлы әрі тиімді тұстары сөз етілді. «Ташяпы» компаниясы Қаскелең – Есік – Талғар – Алматы – Ұзынағаш бағыттары бойынша жеңіл рельсті тарнспорт жүйесін дамытуды жоспарлап отыр.

«Халық тығыз қоныстанған Талғар және Қаскелең қалаларында LRT жанында арнайы тұрақ болады. Тұрғындар көліктерін сол тұраққа қойып, ары қарай LRT-мен Алматыға қатынайды. Бұл өз кезегінде қала мен оның маңындағы аудандарда кептелісті азайтады. Облыстың 300 мың адамы күніне Алматыға кіріп-шығатынын ескерсек, қалаға жүктеме азаятыны сөзсіз», – делінген әкімдік хабарламасында.

Әзірге жобаның жалпы құны қанша болатыны, тартылатын инвестиция көлемі белгісіз. Компания техникалық-экономикалық негіздемені дайындауға 3 шілдеден кейін кіріседі.

Серіктестік мамандарының есептеуінше, айына 3,5-4 млрд кіріс кіреді деп жоспарланып отыр. Билет құны шамамен 500 теңге болады. Адамдар жұмысқа барып-қайтқан уақытта ЖРТ 50-100 мың тұрғынды тасымалдайды.

LRT ұзындығы 80 шақырым болмақ. Алматы мен Қонаев арасындағы жолды қосқанда 150 шақырым болады. Ал құрылыстың 1 кезеңі Талғар-Алматы арасында LRT салудан басталады. Қонаев-Алматы жобасы 2-кезекте қаралады.