Түрік режиссері Селим Гюнештің "Қардай әппақ" фильмі «Шәкен жұлдыздары-2011» кинофестивалының бас жүлдесін жеңіп алды

АЛМАТЫ. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда «Шәкен жұлдыздары-2011» IX халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды.

Түрік режиссері Селим  Гюнештің "Қардай әппақ" фильмі «Шәкен жұлдыздары-2011» кинофестивалының бас жүлдесін жеңіп алды

Әділқазылардың шешімімен түрік режиссері Селим Гюнештің «Қардай әппақ» фильмі Бас жүлдеге лайық деп танылды.

Сонымен қатар Иран, Израиль, Польша, Германия, Ресей және Қырғызстанның авторлары түрлі аталымдар бойынша жеңімпаз атанды. Ал қазақстандық Мақсат Оспанов пен Медет Ілгедаевтың "Мент" туындысы "Нұр Отан" ХДП мен "Қазақфильм" АҚ-ның арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

"Нұр Отан" ХДП өкілдерінің айтуынша, бұл фильм қазіргі заманғы қазақ ауылы өмірінің жағымды құндылықтарын көрсетеді. Сондай-ақ шағын кинокомпания бұрын көзге түспеген жас актерлерді жинай отырып, жанрсыз қалыпта көрерменге өз туындыларын ұсынған.

Естеріңізге сала кетсек, байқауға 55 фильм іріктеліп алынып, «Дебюттар», «Жастар киносы», «Студенттік кино» және «Анимация» секциялары бойынша өткен еді. Оған Австрия, Германия, Грекия, Англия, Италия, Испания, Индия, Ресей, Жапония және тағы басқа елдердің киноматаграфистері қатысқан болатын. Байқаудың әр аталым жеңімпазына «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалының символы ретінде мүсінше табысталды. «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалындағы Бас жүлде еш аталымға қарамастан, ең үздік шығармаға беріледі.