Түрікмен халқының ұлы ақыны Мақтымқұлыға арналған әдеби кеш өтті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Достық үйінде түрікмен халқының ұлы ақыны Мақтымқұлы Пырағының туған күніне орай мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Түрікмен Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырды. Мақтымқұлы күні Түрікменстанда 18 мамыр күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі. Осыған байланысты, Қазақстанда жыл сайын Түрікмен этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Мақтымқұлы күні өткізіліп тұрады. Бүгінгі жиынға Алматыдағы консул Батыр Гульджанов және Түрікмен этномәдени орталығының төрайымы Гүлнәр Аннакулиева қатысты.
Дәстүрлі кешке Алматыда білім алып жатқан Түрікменстан жастары қатысты. Ғалым Айгүл Смақова Мақтұмқұлы поэзиясы туралы баяндама жасады. Түрікмен халқының ұлттық бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ студенттер арасында ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайыс өтті. Қатысушыларға консулдық атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Жақында Түрікменстан мен Қазақстан Президенттері кездесті. Оның аясында Астана мен Ашхабад бауырлас қалалар ретінде келісімшартқа қол қойды. Бұл екі халықтың тамыры терең достығын одан ары нығайта түседі деп білеміз», - Гүлнәр Аннакулиева.
Айта кетейік, осы күнге Мақтымқұлы Пырағының 16 мың жолдан тұратын өлең-жырлары жеткен. Мақтымқұлының жырлары ең алғаш 1842 жылы кітап ретінде басылып шықты. Оны қазақ тіліне ақын Дүйсенбек Қанатбаев аударған.