Түріктің танымал режиссері Қожа Ахмет Ясауи жайында фильм түсіргісі келеді
Айта кетейік, түріктің танымал режиссері Кәміл Коч пен «Қожа Ахмет Ясауи білім және парасат» қоғамдық қорының президенті Ахмет Яхши Қазақстанға «Қазақфильм» киностудиясымен және жалпы қазақ кинематографиясымен танысу мақсатында келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақфильм» киностудиясының президенті Бақыт Қайырбековпен кездесу барысында Кездесуде Кәміл Коч арнайы қабылдағаны және еліміздің ең үлкен кинофабрикасымен танысуға мүмкіндік жасағаны үшін компания басшылығына алғысын білдірді.
Сондай-ақ кездесу барысында Кәміл Коч түркі халықтары фильмдерін өндіру және қаржыландыруға бағытталған кино қорын құру туралы ұсыныс тастады. Ол сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи жайында фильм түсіруге қызығушылық танытатынын және бұл жобаны «Қазақфильммен» бірлесіп іске асыруды қалайтынын айтты.
Өз кезегінде Бақыт Қайырбеков болашақта ашылатын түркі тілдес халықтарының фильмдері қоры құрылуына тілектес екендігін жеткізді. «Киностудиямызға келгендеріңізге қуаныштымыз және түрік кинематографистерімен бірлесіп жұмыс жасауға әрдайым дайынбыз. Киностудияның бағыттарының бірі шетелдік студиялармен бірлескен жобаларды іске асыру. Оның үстіне жасалатын фильмдер ортақ тарихымыздан хабар береді. Киностудияның меншігінде Смағұл Елубай жазған «Ясауи» атты дайын сценарий бар және бірлесіп жұмыс жасайтын жағдайда сіздерді автормен таныстырамыз», - деді Бақыт Қайырбеков.
Сондай-ақ, ол әңгіме барысында қазақ фильмдері Түркияның кинофестивальдеріне, атап айтқанда, Кәміл Кочтың өзі басқаратын «Босфор» фестиваліне жыл сайын қатысып жүлдемен оралатынын атап өтті.