«Туристерімізді өзбектер қамап қойыпты»-республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 28 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 28 шілде, бейсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің демалысы уақытында жұмыс сапарымен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы шаруа қожалықтарының іргелі істерімен танысып, Асы жайлауындағы малшылар жиынына қатысты. Елбасының республиканың оңтүстік өңіріне сапары жайында кеңінен жазылған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Жаңашыл бастаманың жарқын көрінісі» деген тақырыппен берілді. Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылындағы «Ким А. Г.» көкөніс өсіретін жылыжай жұмысымен танысудан бастаған Нұрсұлтан Назарбаевтың Жетісу өңіріндегі жұмыс сапарын егжей-тегжейлі оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
Елді мекен, жер-су, көше аттарын заман талабына сай өзгерту жөніндегі жұртшылықтың ұсыныс-пікірлері уақыт талабы екенін ескеретін мезгіл жетті. Өйткені төл атауға ие болмаған елді мекен, жер-су, көше аттары әлі күні де жетіп артылады. Соның бірі Петропавл қаласындағы ономастика мәселесі қозғалған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Еңсені езіп тұр» деген тақырыппен берілген. «Ономастика мәселесі - теріскей үшін әлі де өзекті. Облыс орталығындағы 300-ге тарта көшелердің 40 шақтысы ғана төл атауларға ие. Олардың біразының өңірімізге еш қатысы жоқ. Ал, 50-ге тарта көше әлі күнге дейін коммунистік дәуір мен кеңестік кезеңнің идеологиясын айғақтап тұр. Ең өкініштісі, кешегі патшалық отаршылдық пен тоталитарлық кезеңнің сарқыншақтары еңсемізді езіп, намысымызды жаншып тұратыны», - деп жазады басылым.
***
Ұлықтау салтанатынан соң Елбасы қайта қалыптастырылған Үкіметтің тұңғыш кеңейтілген отырысына өзі қатысып, биліктің алдына бесжылдыққа бағдарланған тың міндеттер қойды. Сол жексенбі, 17 сәуірдегі жиыннан соң, ертесіне Үкімет соларды іске асыруға қызу һәм қауырт кіріскен болатын. Содан не шықты? Осыны білу үшін күні кеше Министрлер кабинеті Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларын орындау бағытындағы мемлекеттік органдар жұмыстарының қорытындысын шығарғанды. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Индустрияландырудың игілігін көретін күн жақын!» деген мақалада кеңінен баяндалған.
Осы басылымда «Саланы білмейтіндер сансыратып отыр» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Жарияланымда негізінен ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының әлі күнге дейін нақты нәтиже бермегеніне қынжылыс білдірілген. «Аграрлық салаға бөлінген бірнеше жүздеген миллиард теңгелердің жиынтығы ендігі триллион теңгеден де асқан шығар. Ойлап қарасаң осылардың әсерін өмірімізде сезінуге тиіс едік. Бірақ сезіне алмай келеміз. Мал басының өсімі жыл сайын ең көп дегенде үш пайыз болып тұр. Ал қазақстандықтардың табиғи өсімі 3 пайыздан асып кеткен. Бұған жыл сайын отанына келетін оралмандарды, сондай-ақ гастербайтерлерді қоссаңыз мал шаруашылығындағы өсім бұл саланың дамуын қамтамасыз ету былай тұрсын қажеттілікті де өтейтіндей деңгейде емес. Сондықтан да болар әлі күнге дейін ет пен сүттің тең жартысынан астамын импорттап келеміз», - деп жазады басылым.
***
Компьютерлік технология дамыған сайын хакерлік те күш алып келеді. ІТ-саладағы қылмыс қазір елімізге таңсық емес. Хакерлер банктердегі сейфті кілтсіз ашатын мықты механиктерге балама іспетті, күшті қорғанысы бар деген мемлекеттік органдардың жүйелерін бұзып кіру олар үшін түк емес. Электронды ақша істеуге құныққан хакерлер шабуылынан жеке фирмалар түгілі, мемлекеттік органдар да сақтандырылмаған. Жалпы 2003 жылы елімізде 17 веб-қылмыс орын алса, 2 жылдан кейін 713-ке жеткен. Өткен жылы ғана мұндай қылмыстардың саны 2000-ға жеткенін мәлімделді. Міне осы қарқынды дамып келе жатқан қылмыс түрінің еліміздегі қанат жаюы турасында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Қазақ хакерлерінің қарымы қандай?» деген мақалада айтылған.
«Оңтүстік Қазақстан облысының ең биік нүктесі саналатын Сайрам шыңына бет алып, жоғалып кеткен туристеріміз Өзбекстан Республикасының территориясынан табылды. Олар қазір дін аман», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Туристерімізді өзбектер қамап қойыпты» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кеше түс қайта белгілі болғандай, саяхатшыларды өзбекстандық шекарашылар тұтқындапты. Ал өзбек билігі тарабының не себепті екі аптадан бері Қазақстанға хабар бермегені, туристердің туыстарын хабардар етпегені түсініксіз.
***
«Варшавада Қазақстан елшілігінің бастамасымен поляк тілінде «Қобыланды батыр» дастаны жарық көрді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Қазақстанның Польшадағы елшісі Алексей Волков басылымға жазған алғысөзінде: «Біз қазіргіні жақсы көру үшін, өткенге көз жүгіртеміз. Қазақстан халқының бірлігі оның тарихында ерекше орынға ие, бұл фактор әрқашанда ел сәттілігінің кепілі мен дамуының қозғаушы күші болып қала бермек», - деп атап өткен.