«Туристік Қамқор» қорына аударым жасамаған туроператордың қызметі заңсыз деп танылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелде демалуға барып, түрлі себептермен елге орала алмай қалған қазақстандықтарға қол ұшын созатын «Туристік Қамқор» қоры биыл да жұмысын жалғастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Туристік нарықтың кейбір өкілдерінің кінәсынан қазақстандық туристердің көпшілігі шетелдерде жататын орындары төленбей немесе қайтатын билеттері болмай қалып жатады. Көп жағдайда туристік операторлардың банкрот болуымен, не болмаса алаяқтық салдарынан шетелдегі қазақстандықтар түрлі жағдайларға тап болуда.
«Осы уақыт аралығында барлығы 12 мың адам (шетелде демалған қазақстандықтар - авт.) зардап шеккен. Ал шығын көлемі 10 млн доллардан асып түсті. Мәселен, 2012 жылы бір туроператор Грекияда 450-ге жуық туристі тастап кеткен болатын. 2013 жылы тағы бір турпоператор 620 адамды қалдырып кетті. Осы жағдайлардың алдын алу үшін шетелдегі қазақстандықтарға қол ұшын созатын шұғыл көмек беру қоры құрылды. Бұл - «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнұр Мырзамадиева ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған жағдайлар туындаған жағдайда ол қор шет елден жете алмай қалған қазақстандықтарды елге қайтаратын болады. Қорға қатысушы туроператор әрбір жолданатын турист үшін 0,5 АЕК көлемінде аударым жасауы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда туроператор заңсыз қызметті жүзеге асырды деп есептеледі.