Туристік локацияларда сапалы ұялы байланыс пен интернет болуы керек – Премьер-Министр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанға келген туристерге бүкіл сапар маршруты бойынша және елден кеткенше қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты.

туризм
Фото: pexels.com

− Біз Қазақстанның шетелдік туристерге достық пейілі бар, емін-еркін демалуға қолайлы ел ретінде тартымдылығын арттыру үшін қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Халықаралық әуе қатынастарының, теміржол және автокөлік бағыттарының географиясы кеңейтіліп жатыр. Шетелдік азаматтар үшін көші-қон рәсімдерін жеңілдету қолға алынды. Келген қонақтардың емін-еркін әрі қауіпсіз демалысына ерекше көңіл бөлініп отыр, − деді Премьер-министр.

Мысалы, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көршілес елдерден келген туристерді қабылдау жұмыстары жүргізілді. Үкімет басшысы бұл тәжірибені кеңінен тарату қажеттігін айтты. Туристік өнімдерді нақты туристік топтардың, әсіресе шекаралас өңірлердегі туристерге бейімдеген жөн.

− Мұның шағын және орта бизнестің қызметіне ғана емес, бағдарламалық-цифрлық өнімдерге де қатысы бар. Туристік локацияларда сапалы ұялы байланыс пен интернет болуға тиіс. Қонақ үйлер мен туристер жиі баратын басқа да орындарда қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік деңгейіне, сондай-ақ баға саясатының қолайлы болуына назар аудару керек, − деді О.Бектенов.

Әсіресе, таудағы демалысқа арналған құрал-жабдықтар мен керек-жарақтарды түгендеп, туристердің қауіпсіздік техникасы туралы білім деңгейін арттыруды, туристер үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым құруды бақылауға алу керегі айтылды.

− Ең алдымен Туризм министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, ұлттық туристік порталдың, e-qonaq көші-қон сервисінің, такси қызметтерінің және туристерге арналған басқа да пайдалы ресурстардың функционалын кеңейтуі керек. Екіншіден, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктері туристердің қауіпсіздік шараларын күшейтіп, шетел азаматтары үшін көптілді жедел желіні енгізу мәселесін пысықтауы қажет. Барлық туристік локация көптілді ақпаратпен қамтылуға тиіс, − деді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге, Туризм министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, бір айда шетелдік туристердің Қазақстанда жайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін әзірлеуі керек.

Айта кетейік, өткен жылы елімізге 15,3 миллион турист шетелден келген. Сондай-ақ, 10 миллионнан астам ішкі турист ел ішінде саяхаттаған.

Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алады, тағы 107 елдің азаматы электронды визамен кіре алады.

Қазақстанға келген туристерге тегін SIM-карта беру ұсынылды.

Сонымен бірге, тауға кеткен турист ТЖ қызметіне хабар беруге міндеттелетін болды.

Соңғы жаңалықтар