18:36, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Туризм және спорт вице-министрі Астанада «Қонақ үй кешендерінің бірлестігін» құруды ұсынды
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев елордалық қонақ үйлердің басшыларымен кездесуі барысында оларға Астанада «Қонақ үй кешендерінің бірлестігін» құруды ұсынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бірлестіктің қажеттігі қонақ үй және туризм бизнесінің қамын күйттеп, мүддесін қорғауда және оның дамуына үлес қосуы барысында көрінеді. Сондай-ақ Қазақстанның туристік қызметіне қатысты заңнамаларда осы саланың дамуына кедергі болатын тұстарды өзгертуге ықпал жасау кезінде айқындалады», дейді Қ.Өскенбаев. Бүгінде Астанада конгрестік туризм дамыған. Яғни, туристік компаниялар, қонақ үйлер басым ретте елордада өтетін ауқымды конференциялар, отырыстар мен түрлі іс-шараларға келетін қонақтарды қабылдаудан қаржы түсіреді. Осы мәселені ескере отырып, бірлестік қалада түрлі шаралардың өткізілуіне бастама көтеріп, туристік ұйымдарға және қызмет көрсету саласына қаржы көзін табуға септеседі.