Туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасын әзірлеу биыл аяқталады - Ә.Исекешев
АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Биылғы қарашаның аяғына қарай Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыстарды аяқтайды.
Бұл туралы бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында еліміздегі туризм саласын дамыту мәселесі бойынша баяндама жасаған аталған ведомствоның басшысы Әсет Исекешев мәлім етті.
«Елбасының тапсырмасы аясында Үкімет министрлікке Туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеу мақсат-міндетін жүктеді. Саланы дамытудың алдын ала жүйелі жоспары даярлануда. Біздің бағдарлама жыл соңына қарай бекітіледі деп үміттенеміз»,-деп атап өтті министр.
Ә. Исекешевтің сөзіне қарағанда, маусымның соңына қарай министрлік экономиканы дамыту бойынша мемлекеттік комиссияның қарауына саланы дамытудың ұзақмерзімді тұжырымдамасын енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қыркүйектің соңына дейін өңірлік жобалардың конкурсы жүргізіліп, мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерінің қаржылық-экономикалық сараптама жасау тұрғысындағы жұмыстары аяқталады.