Туризмді дамытудың әлі ұзақ мерзімдік стратегиясы жоқ - Мұхит Саймасаев

АЛМАТЫ. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Биыл туризмді дамыту  туралы 2020 жылға дейінгі салалық бағдарлама жасау жоспарланып отыр.

 Туризмді дамытудың әлі ұзақ мерзімдік стратегиясы  жоқ - Мұхит Саймасаев

Бұл  бүгін Алматыда өткен «Алматы қаласында туризмді дамытудың қазіргі жағдайы мен келешегі» деген тақырыптағы   алқалы жиында сөз болды.

«Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм саласындағы жоспары ең алдымен даму нүктесін анықтау. Саланың өсу үдерісі жалғасқанымен оның жаңа деңгейге шығуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелі мәселелер бар.  Оны дамытудың негізгі мәселесі салалық бағдарламаға қарамастан әлі ұзақ мерзімдік стратегия жоқ. Бұл мәселе саланың жүйелік дамуы, инвестициялық әлеуетін анықтау,  даму нүктесі, инвестиция тарту стратегиясы және мемлекеттің инвесторлармен өзара әрекеттестік моделіне де қатысты болып отыр», - дейді ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Саймасаев.  Оның айтуынша,  қолданыстағы туристік аймақтардың тиісті инфрақұрылымының дамуы мен әлеуеті әлсіз. Бұл ең алдымен туристерді  аса қымбат емес қолайлы тасымалдаумен қамтамасыз ету. Оған  автожолдар, әуежайлар мен шағын авиацияны мысалға келтіруге болады.  Сондай-ақ туристер үшін ақпараттық инфрақұрылымдар да жеткіліксіз болып отыр. Интернет порталдардан бастап, брондау желісі, инновациялық  дүңгіршектер, жол көрсеткіштері мен гидтерге дейін. Сондықтан қазір бірнеше шет тілдерінде ұлттық туристік портал жасау мәселесі қозғалуда.  Жергілікті атқару органдары мен жұмыс нақты бөлінген міндеттер мен үйлестірудің жоқтығын да көрсетіп отыр.