«Түрік әлемі энциклопедиясы» жарияланды - Шетелдегі қазақ баспасөзі

«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Түрік әлемі энциклопедиясы» жарияланды - TRT
Фото: TRT

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы еңбек миграциясы саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды - «ӨзА»

Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бахтиёр Ибрагимов Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен еңбек миграциясы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, кездесу барысында екі ел арасындағы еңбек миграциясы мәселелерін дамыту және сол саладағы ынтымақтастықты тереңдету бағытында пікір алмасылды.

Светлана Жақыпова осы саладағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға дайын екенін білдіріп, Өзбекстан тарапынан көтерілген барлық бастамаларды қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, кездесуде Өзбекстан Президенті жанындағы Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігінің басшылығымен қаңтар айында видеоконференция түрінде келіссөздер ұйымдастыру туралы келісімге келінді.

Тараптар еңбек миграциясы мәселесі бойынша екіжақты келісім-шартты пысықтап, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы алғашқы жұмысшы топтың кездесуін ұйымдастыруды, сондай-ақ ақпан айында Өзбекстанның тиісті министрліктері мен мекемелерінің делегациясын Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мәселесін қарастырды.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қазақстанның Самарқандтағы Бас консулы облыстық баспасөз тарихымен танысты» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы бас консулы Талғат Шарипов облыс баспасөз үйіне барып, мұндағы газеттер қызметі, баспасөз тарихымен танысқан.

Бас консулға жүз жылдан астам тарихы бар облыс баспасөзі, «Зарафшон», «Самарқандский вестник» және «Овози Самарқанд» газеттерінің қызметі туралы ақпарат берілген.

Сонымен қатар, Қазақстан консулдығы облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Талғат Шарипов өз сөзінде, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайту үшін екі елдің баспасөз ұйымдары мен медиасекторын белсенді түрде бірлесе жұмыс істеуге шақыратынын атап өткен.

Иранның жаңа сигналдық барлау эсминецінің ерекшеліктері қандай?

- «ParsToday»

«ParsToday»-дің дерегінше, ирандық мамандар жасаған алғашқы сигналдық барлау жойғыш эсминеці ИИР-ның Әскери-теңіз күштеріне қосылды.

«ParsТoday» ақпарат агенттігінің «Tasnim» агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша «Загрос» сигналдық барлау кемесі толығымен жергілікті және ирандық жастар мен ғалымдарының күш-жігерімен салынған және армияның теңіз флотының теңіз қауіпсіздігі бағытында барлау тұрғысынан қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

««Жер-жер» және «жер-әуе» зымыран жүйелерімен жабдықталған ирандық «Загрос» әртүрлі қашықтықтағы теңіз және әуе нысаналарына қарсы тұра алады. Сондай-ақ, бұл жойғыш жетілдірілген артиллериялық қарумен жақын операцияларды қолдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді», деп жазады ирандық БАҚ.

Айта кетейік, бұл кеменің ерекшеліктерінің бірі - электронды жүйелер.

«Загрос» эсминеці тікұшақты тасымалдау мүмкіндігімен және әуе операцияларына жарамды палубамен жабдықталған. Сондай-ақ әскери-теңіз күштеріне жоғары операциялық икемділік әкеледі.

«Түрік әлемі энциклопедиясы» жарияланды - TRT

Ататүрік атындағы зеттеу орталығы «Түрік әлемі энциклопедиясын» дайындады. Тарихтан әдебиетке, жол көрсетуші түрік әйелдерінен мәдени құндылықтарға дейін ауқымды қазына ұсынатын энциклопедия ортақ мұра мен мәдени жәдігерлердің болашақ ұрпаққа жеткізілуінде рол атқаратын болады.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-та хабарлағандай, Түрік тарихы, мәдени мұра және маңызды тұлғалар туралы мәліметтер жинақталған еңбекті 99 жазушы құрастырды. 9 категориядан тұратын энциклопедияда жарияланған 143 баптың 21-і енді Әзербайжан түрік тілінде жазылды.

«Еңбектің қырғыз, қазақ, өзбек тілдерінде де жариялануы жоспарланды. Артынан батыс тілдеріне де аударылады. Туынды цифрлық платформада қолжетімді. Ауқымды еңбекке 10 күнде 6280 адам қызығушылық танытты», деп жазады TRT.

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Қазақстан әлемнің ең мықты армияларының қатарында» деген тақырыптаға ақпарат жарық көрді.

Жаңа жылда әлемнің ең мықты армияларының тізімі жаңартылды.

АҚШ-тың «Global Firepower» әскери статистикалық сайтының мәліметі бойынша, әлемдегі ең қуатты армиялар анықталды.

АҚШ-тың әскери статистикалық сайты қалыптастырған рейтингте Қазақстан армиясы 57-орынға тұрақтаған.

Тізім бойынша қазақ әскері Орталық Азиядағы ең мықты әскер атанды.

Қазақстан тізімде 58-орыннан 57-орынға көтерілген.

Бұл жетістік елдің қорғаныс әлеуетінің белсенді дамуының және оның аймақтағы стратегиялық көшбасшылығының көрінісі болды.

Белгілі болғандай Қазақстанның 2024 жылғы әскери бюджеті 1,3 триллион теңгені (шамамен екі миллиард төрт жүз қырық сегіз миллион АҚШ доллары) құрады.

Қазақстанның Қаржы министрлігі 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына жұмсалған қаржының біртіндеп өскенін білдірді.

Айта кетейік, «Global Firepower» әскери статистикалық тізімінде Өзбекстан 58-ші, Түрікменстан 77-ші, Қырғызстан 105-ші, Тәжікстан 108-ші орында тұр.

Алтайда «Адамзат шаңғысының пайда болуының» еске алу күні атап өтілді - «Халық газеті»

16 қаңтарда Алтай қаласының Генарал тауындағы Халықаралық тау шаңғысы курортында «Адамзат шаңғысының пайда болуының» 19-ыншы еске алу күніне арналған іс-шараның және «Адамзат шаңғысының пайда болуы» мұражайының ашылу салтанаты өтті, деп жазады қытайлық «Халық газеті» басылымы.

Іс-шараның ашылу салтанатында қазақтың шашуы және ежелгі аң терісі шаңғысы сияқты көңілді қойылымдар мерейлі сәттің сәнін асырды. Парапланмен ұшудың тамаша қойылымы мен әуе шары арқылы ұшырылған тілек лебізі ашылу салтанатының атмосферасын шарықтау шегіне жеткізді.

Сондай-ақ осы аптада қытайлық «Халық газеті» басылымында «2024 жылы Қытайда жаңа туған нәрестелер саны өсті» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Қытайдың Ұлттық Статистика бюросының 17 қаңтарда жариялаған деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қытайда жаңа туған нәрестелердің саны 9,54 миллионды құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 520 000-ға көп.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы туу көрсеткіші мыңға шаққанда 6,77-ні құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,38 пайыздық тармаққа өскен.

Соңғы жаңалықтар