Түркі әлеміндегі археологиялық зерттеулерді дамыту бойынша декларацияға қол қойылды
ШУША. KAZINFORM – Әзербайжанның Шуша қаласында түркі әлемінің ғылыми-зерттеу институттары мен археология орталықтары қауымдастығының (ARICA) отырысы өтті.
Түркі академиясы мен Әзербайжан ұлттық ғылым академиясының Археология және антропология институты бірлесе ұйымдастырған шарада түркі елдерінің жетекші археологтары мен сарапшылары бас қосты.
Жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан (оның ішінде Қарақалпақстан), Моңғолия және Татарстан (РФ) елдерінің ғылыми институттары мен археология орталықтарының басшылары қатысты.
Ғылыми басқосуда түркі елдері ғалымдарының тәжірибесін бір арнаға тоғыстыратын археологиялық экспедициялар мен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері талқыланды.
Түркі академиясының президенті Ш.Мұстафаев өз сөзінде Түркі академиясы түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің сан алуан қырларын қамтитын ауқымды зерттеулермен белсенді түрде айналысып жатқанын атап өтті. Осыған орай, академияда түркі халықтарының діни наным-сенімдерін, тарихын және мәдени ерекшелігін баяндайтын маңызды сәулет және археологиялық ескерткіштерді анықтауға бағытталған «Түркі әлемінің қасиетті географиясы» атты жобасы жүзеге асырылуда.
«Мәселен, академия жүргізген соңғы қазбалар қатарына Көктүрік дәуіріне жататын Моңғолияның Арханғай өңіріндегі мемориалдық кешен, Сырдария бассейніндегі, оның ішінде Қазақстанның Қызылорда облысындағы оғыз жәдігерлері кіреді. Археология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына баса мән беріледі. Академия мақсаты – қауымдастықты ортақ жобаларды жүзеге асыратын тиімді алаңға айналдыру», - деген Ш. Мұстафаев түркі әлемінің ғалымдарына радиокөміртекті анықтау бойынша бірлескен зертхана құруды ұсынды.
Сондай-ақ, шара барысында қазақ елінің археологы, тарихшы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуы және қазақтың көрнекті археологы Кемел Ақышевтың туғанына 100 жыл толуы ерекше аталып өтті.
Шара соңында түркі әлеміндегі археологиялық зерттеулерді дамыту бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен қадамдары айқындалған декларацияға қол қойылды.
Айта кетейік, Түркі әлемі археологиясы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қауымдастығы (ARICA) 2023 жылдың қарашасында Самарқанд қаласында құрылған болатын.