Түркі әлемінің медиа басшылары Анкарада бас қосады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары Анкара форумында бас қосады. Бұл туралы Астанада өткен ТМҰ-ға мүше елдердің ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-ші отырысында Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігі Коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары Ферхат Пиринччи айтты.

Түркі әлемінің медиа басшылары Анкарада бас қосады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кетейік, отырысқа ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Медиаконтентті дайындау орталығының директоры Кобулжон Ахмедов, Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігі Коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары Ферхат Пиринччи, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары Салкын Сарногоева және Әзербайжан Республикасының БАҚ және хабар тарату кеңесі Халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Расим Багиров қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов атап өткендей, бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы медиа саласын, ақпарат тарату тәсілдерін және аудиториямен байланыс орнату жолдарын түбегейлі өзгертуде. Жалған ақпараттың таралуы шынайы ақпарат көздеріне деген сенімді де төмендетіп отыр.

Қатысушылар дипфейкті анықтау, ақпараттың шынайылығын жедел тексеру, ұлттық ақпарат агенттіктерінің байланысын нығайту, сондай-ақ журналистердің жаңа технологияларды қолдану дағдыларын жетілдіру мәселелерін талқылады.

Жиынның маңызды тақырыптарының бірі түркі мемлекеттері арасында ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыру жұмыстары болды.

Түркі әлемінің медиа басшылары Анкарада бас қосады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігі Коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары Ферхат Пиринччи контент алмасу, бірлескен жобалар әзірлеу, оқыту және тәжірибе бөлісуді қамтитын Түркі хабар тарату желісі (Türk Yayın Ağı) бастамасының талқылануын қолдайтынын атап өтті.

Айтуынша, аталған желі аясында құрылуы жоспарланған комитеттер хабар тарату саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға ықпал ете алады.

Отырыс барысында ТМҰ кеңістігінде телевизиялық және радиобағдарламаларды өзара трансляциялау туралы Өзбекстан ұсынысы да тілге тиек етілді.

Ф.Пиринччи аталған ұсыныс жобасының талқылануында Түркия өз ұстанымын жеткізгенін айта келе, Түркияның бастамасымен қолға алынған Түркі мемлекеттерінің хабар тарату саласын реттеуші органдары форумын (T-BRAF) құру жұмыстары да соңғы кезеңге жетіп қалғанын мәлімдеді. Ол соңғы процедуралар ТМҰ-ның XIII саммиті аясында аяқталатынына үміт білдірді.

Түркі әлемінің медиа басшылары Анкарада бас қосады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұдан бөлек, Түркия Президенті Әкімшілігі Коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары ТМҰ-ның XIII ресми саммиті аясында 30–31 қазан күндері медиа саласының өкілдері мен БАҚ ұйымдарының басшылары Анкара қаласында бас қосатынын мәлім етті.

«Түркі әлемінің диалогтары» атты форумда стратегиялық коммуникация, қоғамдық дипломатия, дезинформацияға қарсы күрес, сондай-ақ түркі әлемінің ортақ тарихы, мәдениеті мен өркениеттік мұрасы талқыланады деп жоспарланған. Ал бұл форумға дайындық шеңберінде кейінгі айларда Астана, Баку, Ташкент, Бішкек және Лефкоша қалаларында «Түркі әлемінің диалогтары: Ортақ болашақ, ортақ көзқарас» тақырыбында панельдік кездесулер сериясы ұймдастырылған.

ТМҰ-ға мүше елдердің ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-ші отырысының қорытындысы бойынша ортақ коммюникеге қол қойылды. Келесі, 9-шы отырыс Қырғызстан астанасы Бішкекте өтетіні айқындалды.

Айта кетейік, бұған дейін Түркі мемлекеттерінің ортақ картасы жасалатынын жаздық.