Түркі инвестициялық қорының маңызы артып келеді – Серік Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM – Аталған қор тек қаржылық институт болып қана қоймай, сауданы дамытатын, жаңа салалар құратын, инвестициялық серіктестікті кеңейтетін алаңға айналуы тиіс. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Ол «Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің экономикалық интеграциясы және ынтымақтастығы: өндіріс, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және цифровизация салаларындағы жаңа мүмкіндіктер» бизнес форумында аталған тақырыпқа тоқталды.
– Қазақстан түркі мемлекеттерінің арасындағы экономикалық интеграцияны дамытуды әрдайым қолдап келеді. Біздіңше, өндірісті, агроөнеркәсіптік кешенді, көлік-логистикалық дәліздерді, цифрлық платформаларды және электрондық коммерцияны бірлесіп өркендетуге айтарлықтай әлеует бар, – деді Серік Жұманғарин.
Сол себепті, оның айтуынша Түркі инвестициялық қорының маңызы арта түсуде.
– Біз Түркі инвестициялық қорын ТМҰ мүшелерінің ортақ жобаларын қаржыландыратын негізгі механизм ретінде қарастырамыз. Өндіріс, инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және цифровизация салаларындағы нақты бастамаларды іске асыру кезеңіне көшу керек, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Оның мәлімдеуінше, аталған қор қазірдің өзінде кей жобаларды қолға алған. Мәселен, Алматы Халықаралық әуежайын инфрақұрылымдық тұрғыда дамытуды қаржыландыру жөнінде келіссөздер жүріп жатыр.
– Түркі инвестициялық қоры тек қаржылық институт болып қана қоймай, сауданы дамытатын, жаңа салалар құратын, инвестициялық серіктестікті кеңейтетін алаңға айналуы тиіс. Бұл Қазақстан үшін айрықша маңызды, – деді вице-премьер.
Айта кетейік, бұған дейін Серік Жұманғаринның Түркі мемлекеттері ұйымындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызы жөніндегі мәлімдемесін жариялағанбыз.