Түрік лицейіне қарулы шабуылдан жарақат алғандар бар
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Шанлыурфа провинциясындағы Сиверек қаласында бұрынғы оқушы лицей ғимаратында оқ жаудырды, деп хабарлайды Kazinform-ның Анкарадағы меншікті тілшісі.
Шанлыурфа провинциясы Сиверек ауданындағы «Ahmet Koyuncu Mesleki ve Teknik Anadolu Lisesi» лицейінде қарулы шабуыл болды. Milliyet басылымының хабарлауынша, 19 жастағы осы лицейде бұрын білім алған оқушы ғимаратқа мылтықпен кіріп, жан-жағына оқ жаудыра бастаған.
Шабуыл салдарынан 16 адам жарақат алды, оның ішінде 10 оқушы, төрт мұғалім, бір полиция қызметкері және мектеп буфетінің қызметкері бар. Жарақат алғандардың төртеуінің жағдайы орташа, олар провинция астанасындағы ауруханаларға ауыстырылды, ал қалғандары Сиверек мемлекеттік ауруханасында ем алып жатыр.
Куәгерлердің айтуынша, үрейленген кейбір оқушылар терезелерден секірген. Ғимаратта болғандардың көпшілігі тез арада эвакуацияланды.
Шабуылдаушы мектептің ішіне тығылып, оқиға орнына келген қауіпсіздік күштеріне берілуден бас тартты. Арнайы күштер ғимаратты қоршап алғаннан кейін ол сол қарудан өзіне оқ атты.
Провинция губернаторының мәлімдеуінше, шабуылдан қаза тапқандар жоқ. Ол сондай-ақ оқиғаны жан-жақты тергеуге уәде берді. Түркия ІІМ де оқиғаның мән-жайын кең ауқымды тергеудің басталғанын хабарлады.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, шабуылдаушы бұрын осы лицейде оқыған, бірақ кейіннен ашық білім беру жүйесінде білімін жалғастырған. Қылмыстың себебі анықталып жатыр.
Осыған дейін Ыстанбұлдағы Израиль консулдығы маңындағы атыс ісі бойынша 11 адам ұсталғанын жаздық.