Түркі мемлекеттері ағылшын тілінен ортақ емтихан әзірлемек

АСТАНА. KAZINFORM — Түркі мемлекеттерінің Ұлттық тестілеу орталықтары ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалаудың өңірлік жүйесін құру туралы меморандумға қол қойды. 

Түркі мемлекеттері ағылшын тілінен ортақ емтихан әзірлемек
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

«Қарқынды өзгеріс әлеміндегі қабылдау емтихандары» халықаралық конференциясының екінші күні Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық тестілеу орталықтары ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған ETOTS (English Test for Turkic States) бірлескен емтиханын құру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат тілдік бағалау саласындағы ұлттық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, ағылшын тілі бойынша емтиханды әзірлеу, өткізу, оның нәтижелерін тану және сапасын қамтамасыз етудің ортақ тетігін қалыптастыруға бағытталған. Бастама қатысушы елдердің сарапшылық әлеуетін біріктіріп, халықаралық тәсілдерге сәйкес келетін қосымша өңірлік бағалау құралын құруды көздейді. Бұл ретте ETOTS қолданыстағы халықаралық тілдік емтихандарды алмастыруды мақсат етпейді.

- ETOTS – ағылшын тілін бағалауға арналған бірлескен емтихан ғана емес, елдеріміздің білім беру жүйелері арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған нақты қадам. Ұлттық тестілеу орталықтарының сарапшылық әлеуетін біріктіре отырып, академиялық ұтқырлыққа қосымша мүмкіндіктер ашамыз және білім сапасын бағалау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытамыз, – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов.

Тараптар тест тапсырмаларын бірлесіп әзірлеуді, қорғалған компьютерлік тестілеуді қамтамасыз етуді, психометриялық валидация жүргізуді және емтихан нәтижелерін өңірлік деңгейде тану тетіктерін пысықтауды жоспарлап отыр. Айта кетсек, меморандумға басқа да түркі мемлекеттерінің ұлттық бағалау ұйымдары қосыла алады.

Конференцияның екінші күні Admissions Insight Test (AIT) жобасы талқыланды. Оқу-ағарту министрлігінің өкілдеріне, жоғары оқу орындарының, шетелдік университеттер филиалдарының басшыларына және өңірлік білім басқармаларының өкілдеріне арналған ақпараттық сессия барысында Ұлттық тестілеу орталығы емтихан тұжырымдамасын, оны әзірлеу және енгізу кезеңдерін, құрылымы мен дағдыларды бағалау компонентін, сондай-ақ қолданыстағы қабылдау тестілеу моделінен айырмашылықтарын таныстырды. Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жаңа емтиханды әзірлеуге байланысты мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізу бағытындағы жұмысы таныстырылды.

Конференцияның екі күні халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сарапшылық тәжірибе алмасуға және қазіргі білім беру жүйесінің талаптарына сай қабылдау мен тілдік бағалаудың жаңа тәсілдерін дамытуға мүмкіндік берді.

Айта кетелік Түркі мемлекеттерінің ортақ картасы жасалатыны туралы жазған едік.