Түркі мемлекеттері арасындағы тауар айналымы 22 млрд доллардан асты
Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құрған жөн. Бұл туралы Ақордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Екінші басымдық – біріздендіру жұмысы (Unification). Түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды. Біз мемлекеттеріміздің стандарттары және терминологиясын жүйелеген жөн деп санаймыз. Осыған байланысты модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырамын. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің дерегінше, қазіргі уақытта Түркі мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларға жуықтады.
«Биыл ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Ортақ талаптар бекітілсе, бұл көрсеткішті 1,5 есе ұлғайтуға болады. Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құрған жөн деп санаймын. Бұл орталық өнімді сынау нәтижелерін өзара тануға, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.