Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерде оңайлатылған кеден дәлізі болады

Парламент
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Аталған келісімге Самарқанда 2022 жылғы 11 қарашада қол қойылды.

Қаралып отырған Келісімнің негізгі мақсаты - оңайлатылған кеден дәлізін дамытуды қамтамасыз ету арқылы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру. Құжат аясында «оңайлатылған кеден дәлізі» және «сауда операторлары» секілді ұғымдар енгізіледі.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, оңайлатылған кеден дәлізі (ОКД) – аталған мемлекеттер арасындағы саудада тасымалданатын тауарлар туралы алдын ала ақпарат алмасуға бағытталған, ерікті негізде пайдалану үшін ашық және көліктің барлық түрінде пайдалануға болатын электрондық жүйе. Сауда операторлары – оңайлатылған кеден дәлізіне қатысатын, тауарлар мен көлік құралдары туралы анық ақпарат беретін және Келісімнің ережелеріне сәйкес кедендік рәсімдерді аяқтайтын өкілдер.

Атап айтқанда, тараптар өздерінің кеден органдарына Келісімді жүзеге асыруға уәкілеттік береді. Ақпарат алмасу оңайлатылған кеден дәлізін пайдаланатын сауда операторлары жүзеге асыратын жүктер бойынша және ерікті негізде жүргізіледі.

Сауда операторларына ОКД аясында:

- өткізу пункттерінде кедендік ресімдеудің басым тәртібі;

- тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамасын бұзу тәуекелі анықталған жағдайларды қоспағанда, өткізу пункттерінде кедендік жете тексеруді қолданбау секілді жеңілдіктер беріледі.

Мемлекеттердің кеден органдары Келісім күшіне енгеннен кейін ұзақтығы 6 ай болатын пилоттық жобаны ұйымдастырады және жүзеге асырады.

Соңғы жаңалықтар