Түркі мемлекеттері ұйымының Әділет министрлер Кеңесінің бірінші отырысы өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы мемлекеттердің Әділет министрлері кеңесінің бірінші отырысы ұйымдастырылды. ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен өткен жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан Әділет министрлері, ТМҰ-ның Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев қатысты.

Министрлер кеңесі
Фото: ҚР Әділет министрлігі

Отырыс ҚР Президентінің 2023 жылғы 3 қарашадағы ТМҰ-ның Х саммитінде айтылған тапсырмасы шеңберінде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.

Кездесу барысында қатысушы мемлекеттердің әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары қаралды. Құқықтық өзара іс-қимылды нығайту және құқықтық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Министрлер кеңесі
Фото: ҚР Әділет министрлігі

Отырысқа қатысушылар әділет жүйелерінде цифрландырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыт алдағы уақытта шешуші рөл атқаратынын алға тартты. Кеңестің тұрақты отырыстарында осындай тақырыптарды талқылау ведомствоаралық ынтымақтастықты тереңдетуге және ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің әділет органдары жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңестің негізгі уағдаластықтары мен одан әрі жұмыс бағыттарын бекітетін Астана декларациясына қол қойылды.

ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Әділет министрлерінің келесі отырысы 2025 жылға Әзербайжан Республикасында жоспарланған.