Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті Әзербайжанда өтеді

түркі елдері
Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — 29-30 сәуірде Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының Аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті 43-ші отырысы өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтып берді.

«Кездесуде 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен ұйымның 10-шы саммиті барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы, осы жазда Әзербайжанда жоспарланып отырған ұйымның бейресми саммиті және 2024 жылғы қазанда Қырғызстанда жоспарланып отырған ұйымның кезекті 11-ші саммиті бойынша дайындық жұмыстары, сондай-ақ ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша өзекті мәселелері қарастырылады», — деді Айбек Смадияров министрліктің апталық брифингінде. 

Сондай-ақ, 30 сәуірде Баку қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің 1-ші отырысы өтеді. Кеңес құрамына Қорға мүше елдердің мәдениет министрлері кіреді.

Қазақстан делегациясын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барады.

Түркі мәдениеті және мұрасы қоры 2012 жылғы 23 тамызда құрылған және Түркі мемлекеттері ұйымының еншілес құрылымдық бөлімшесі.

Қордың негізгі міндеттері — түрлі іс-шараларды, жобалар мен бағдарламаларды қолдау және қаржыландыру арқылы түркі мәдениеті мен мұрасын қорғау, зерделеу және ілгерілету. 

Отырыста қор қызметі бойынша мәселелер, сондай-ақ 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы талқыланады.

Соңғы жаңалықтар
telegram