Түрік жанкүйерлері Зайнутдинов мінген автобусты аударып тастай жаздады

автобусқа шабуыл жасады
Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM –  Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы көшбасшыларының бірі Бақтиер Зайнутдинов өнер көрсететін түркиялық «Бешикташ» клубы кеше сырт алаңда «Сивасспор» командасынан 1:0 есебімен жеңіліп қалды. Бұл нәтиже «Бешикташ» жанкүйерлерінің ашуына қатты тиді. Олар кездесу аяқталған соң футболшылар мінген автобусқа түрлі заттар лақтырды. 

Полиция қызметкерлері жанкүйерлерді сабырға шақырып, шектен шыққандардың қолын бұрап, тезге салды. Жанкүйерлер автобусты аудара жаздады. Мұны әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан аңғаруға болады.

Чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі саналған «Бешикташ» соңғы турларда сүреңсіз ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерінің үмітін ақтамады. Турнир кестесінің соңғы сатыларына жайғасқан әлсіз ұжымдардың бірі «Сивасспор» командасынан жеңілгеннен соң түркиялық клубтың фанаттары ашуға бой алдырды. 

Жанкүйерлер кездесудегі жалғыз доптың соғылуына Зайнутдиновты кінәлап отыр. Өйткені «Сивасспор» командасының футболшысы шірене тепкен добы жолай Бақтиерге тиіп, бағытын өзгертіп, қақпаға кірген болатын. 

Айта кетейік, бұған дейін бейресми ақпарат құралдарында «Бешикташ»» клубында ойнайтын легионерлердің жалақысы жарияланған болатын. Онда Қазақстан құрамасының ойыншысы Зайнутдиновтің жылына 1,2 миллион еуро жалақы алатыны көрсетілген. 

Оралхан ҚОЖАНОВ

Соңғы жаңалықтар