Түркі академиясы ұлы түркі ақынын ұлықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алқалы жиынға түркітілдес елдердің Астанадағы елшілері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, танымал қаламгерлер, түбі бір туыс мемлекеттердің белгілі ғалымдары мен ғылыми мекемелердің басшылары қатысты.
Конференция Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың беташар сөзімен басталды. Заманымыздың заңғар жазушысы «Шығыс поэзиясының жарық жұлдызы - Мақтымқұлы Пырағы тек түрікмен халқының ғана мақтаны емес, түгел түркінің тегеурінді ақыны һәм ортақ жауһары екендігін айта келіп, сөз соңында түрікмен тілінен өзі тәржімалаған Мақтымқұлының «Мызғымас ел» дейтін өлеңін оқып берді.
Осыған дейін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы түркі халықтарының ұлы тұлғаларына арнап «Мақтымқұлы» медалін әзірлеген болатын. Шара барысында осы сыйлықтың алғашқысы түркі тілдес халықтардың әдебиетін әлемге танытып, қазақ-түрікмен байланыстарына қосқан үлесі үшін Әбіш Кекілбаевқа берілді.
Аталған шара барысында Түрікменстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мақтымқұлы Ақмырадов, Түркі Кеңесі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әділ Ахметов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов, Түрікменстан Ғылым академиясы Ұлттық қолжазбалар институтының директоры Аннагурбан Аширов, ҚР Президенті баспасөз қызметі басшысының орынбасары Бауыржан Омаров және белгілі түрколог ғалым, профессор Шәкір Ибраев баяндама жасап, өзекті пікірлерімен бөлісті. Жиында арнайы қарар қабылданып, Мақтымқұлының әндері шырқалды.
Г.СЫДЫҚОВА