Түркі академиясын құруға бағытталған Заң қабылданды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Түркі академиясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Аталған келісімге сәйкес, тараптар түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің аясында халықаралық ұйым нысанындағы Түркі академиясын құрады. Ал Түркі академиясының негізгі мақсаттары мен міндеттері түркі тілдерінің, әдебиеті мен мәдениетінің диахрондық зерттеулерін сақтауға, дамытуға және кеңінен пайдалануға бағытталған түркология саласындағы зерттеулерді үйлестіру және оған жәрдемдесу болып табылады. Келісімнің шарттарына сәйкес, оған қатысушы тараптар міндетті жарналар төлейтін болады. Олардың мөлшері Түркі Сыртқы істер министрлерінің кеңесі қол қойған жекелеген хаттамада айқындалады. Бұдан бөлек, халықаралық академия түркі халықтарының мәдени және рухани мұрасына, олардың әлемдік өркениетті дамытуға қосатын үлесіне зерттеулер жүргізуді, ортақ көне мәтіндер мен ауызекі дереккөздерді қоса алғанда, түркі тілдерінің бүкіл әлеуетін пайдаланып, барша түркі халықтары үшін ортақ әдеби тіл жасауға ұмтылуды, барша түркі тілдері үшін қолданылатын жинақталған әліпби әзірлеу мәселелерін қарастыратын болады. Еске сала кетейік, Түркі академиясы ғылыми-зерттеу орталығы Астанада 2010 жылы Қазақстан мен Түркия Республикаларының Мемлекет басшыларының қатысуымен ашылды. 2012 жылы Бішкек қаласында өткен түркі тілдес мемлекеттер кеңесінің екінші саммитінде Түркі академиясын халықаралық ұйым ретінде құру туралы келісімге қол қойылған болатын. Ал бүгінгі таңда аталған келісімді Әзербайжан, Қырғызстан мен Түркия республикалары ратификациялаған.