Түркі академиясына Мажарстанның мемлекеттік туы тапсырылды
Айта кетерлігі, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Шолпан-Атада (Қырғыз Республикасы) өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алтыншы саммитінде Мажарстанның Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы-мүше болу мәртебесі ресми түрде бекітілген болатын. Міне, осыған байланысты Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында Халықаралық Түркі академиясы Мажарстанның мемлекеттік туын қабылдау құрметіне орай шара өткізді. Жиынға түркі тілдес мемлекеттердің елшілері, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен түркологтар, БАҚ өкілдері шақырылған.
«Біз дәстүр бойынша Халықаралық Түркі академиясының құрылтайшы мемлекеттерінің ең басты мерекесі - Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатырмыз. Осыған байланысты бүгін Қазақстанның басты мерекесі Тәуелсіздік күніне орай жиналып отырмыз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздік арқылы Қазақстан әлемге танымал болды. Осындай халықаралық ұйымдар пайда болды. Елбасының бастамасымен Астанада Халықаралық Түркі академиясының құрылуы да осы Тәуелсіздікпен байланысты. Сыртқы саясаттағы Қазақстанның жемістері, түркі әлеміндегі ынтымақтастық және жақында ғана Елбасымыздың Ұлы даланың жеті қыры мақаласы да біздің түркі мемлекеттерінің байланыстарын нығайта түседі деген ниеттеміз», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
TWESCO басшысы өз сөзінде, бүгінгі шара барысында Мажарстанның туын көтерілетінін, уақыты келгенде Өзбекстан мен Моңғолияның да тулары осы академияда көтерілер деп сенім білдірді.
Ал ҚР-дағы Мажарстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Андраш Барани қазақ тілінде сөз сөйлеп, Мажарстанның Түркі академиясына бақылаушы-мүше болу мәртебесінің берілуіне өзінің елшілік қызметі тұспа-тұс келгеніне қуанышты екенін білдірді.
«Бұл мен үшін зор құрмет. Халықаралық Түркі академиясының штаб-пәтері Астанада орналасуының арқасында Мажарстан және Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар дамып келе жатқанын айта кетейін. Мажарстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуына бауырлас халықтардың ортақ тарихи тамырларының әсерін сезуге болады. Сол себепті Мажарстанның мемлекеттік байрағын Түркі академиясының штаб-пәтеріне табыстаймыз», - деді Андраш Барани.
Сонымен бірге, салтанатты жиын барысында мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев сөз сөйлеп, Түркі академиясының алдағы жұмысына табыс тіледі.