Түркі әлемі елдері БАҚ өкілдерінің форумында тұңғыш Исмаил Гаспыралы атындағы сыйлық табыс етілді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркі әлемі елдері БАҚ өкілдерінің басын қосқан «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты халықаралық журналистер форумында тұңғыш рет Исмаил Гаспыралы атындағы сыйлық табыс етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Аида Эйвазова (Әзербайжан), Кюршад Зорлу (Түркия) және Ахмет Йешильтепе (Түркия) аталған сыйлықтың тұңғыш лауреаттары атанды.
Бұл сыйлық түркі әлемі мәселелерін медиа құрылымдарда жақсы насихаттаған тұлғаларға берілетін болады.
Исмаил Гаспыралы (1851 - 1914) - қырым-татар зиялысы, ағартушы, баспагер және саясаткер, тұңғыш «Тәржіман» газетін шығарушы. Бірнеше көркем шығармалардың авторы. Оның қаламынан «Дар уль Рахат мусульманлары», «Африканские письма - Страна амазонок» повестері, «Арслан Кыз» әңгімесі, «Горе Востока» новелласы, «Русское мусульманство. Мысли, заметки и наблюдения мусульманина», «Русско-Восточное соглашение. Мысли, заметки и пожелания» сынды эсселер және басқа да шығармалар туған.
И. Гаспыралы қырым-түрік ғана емес, басқа да түркі халықтарының көптеген әдеби және публицистикалық жанрларының негізін қалаушылардың бірі.