Түркі әлеміне танымал әншілер Түркістан өңірінің туризмін насихаттады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркі әлеміне танымал әншілер Түркістан өңірінің туризмін насихаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Түркістанда «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық туризм додасы реалити-шоуының телевизиялық нұсқасы ұйымдастырылды. Түркістан облысы туризм басқармасының қолға алуымен жүзеге асқан жобаға түркітілдес 5 мемлекеттің әншілері қатысты. Атап айтсақ, олардың ішінде белгілі әнші, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі – Мирбек Атабеков, өзбекстандық танымал актриса, әнші әрі тележүргізуші – Ситора Фармонова, атақты әншілер Амиль Мамедов (Әзірбайжан) пен Серен Узун (Түркия) және қазақтың ұлттық өнерін насихаттап жүрген азамат Алексей Лодочников бар.

«Tourism kz» телеарнасы ұйымдастырған реалити-шоуға қатысушылар Түркістан облысының маңызды туристік орындарын аралады. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен көне Сауран, Отырар қалашықтарының тарихына бойлады. Сонымен бірге «Керуен сарай» кешені мен Ақмешіт үңгірін көрді. Тікұшақпен «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығына саяхат жасады.

Бұл реалити-шоу Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі туризмін дәріптеуге, шетелдіктер үшін Түркістан облысының ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттауға, Түркі тілдес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды, мәдени байланыстарды нығайтуға арналған. Дода қатысушылары өз жанкүйерлері мен тындармандарына Түркістан облысының тарихи орындарын таныстырды. Олар рухани астанаға туристердің көптеп келу бастамасын көтерді.

Әншілер жобаның қортындысы ретінде «Керуен сарай» кешенінде жұртшылыққа гала-концерт берді. Танымал әндерін шырқап, түркістандықтар мен қонақтарының көңілін серпілтті. Ұйымдастырушылар тарапынан Серен Узунға – «Сәтті қадам», Ситора Фармоноваға – «Туризм тарланы», Амиль Мамедовке – «Зияткер жиhангез», Мирбек Атабековке – «Туризм дарабозы» және Алексей Лодочниковке «Достық жаршысы» аталымдары бойынша сыйлықтар тапсырылды.

Жоғарыда аталған әншілермен бірге гала-концертте Бейбіт Көшқалиев, Садраддин Болат сынды қазақстандық әншілер де өнер көрсетті.

Бүгінде Түркістан облысына келетін туристер саны артып келеді. Наурыз мерекесіне арналған 5 күндік демалыста Түркістанға 35 мыңнан астам адам келіп, тарихи орындары аралаған.


Соңғы жаңалықтар