«Түркі дүниесі түгелденіп жатыр» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 қыркүйек, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Халықтық тұғырнама - партияның басты стратегиясы» дегент тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Парламент Мәжілісінің фракциясында көтерілген мәселелері арқау болған. Жиын барысында елдің экономикалық жетістіктері жөнінде баяндаған Премьер Кәрім Мәсімовтың мәліметтерінше, орташа зейнетақы 2007 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге өсіп, 27 мың 665 теңгені құраған. Ал 2011 жылы төрт және одан да көп балаға төленетін жәрдемақы 2007 жылмен салыстырғанда 4,6 есеге ұлғайып отыр. Білім беру саласына бөлінген қаржы да екі есеге дейін артып, ол 2011 жылы 898 милллиард теңгеге жеткен. Жиын басында көтерілген осы мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымынан кеңірек білуге болады.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға жұмыс бабындағы сапары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Француз журналистері әсіресе, Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы ұйымы төрағалығына ерекше ынталылық танытты. Осыған қарай Мемлекет басшысы L'Essentiel des Relation Internationales журналына сұхбат берген. Аталмыш сұхбат «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Жасампаздықтың жарқын жолы» деген тақырыппен басылды.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Түркі дүниесі түгелденіп жатыр» деген тақырыппен мақала басты. Мақалада кеше Астанада басталған ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымының Мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесінің 29-отырысына көтерілген мәселелер жөнінде баяндалады. Жиын барысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгінгі таңда түркі дүниесінің арасындағы ынтымақтастық күшейіп келе жатқандығын атап өтті. Министрдің сөзіне қарағанда, Астанада Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші бар, қала көшелері бірқатар түркі әлемінің ұлы тұлғаларының есімін алған - Мақтұмқұлы, Манас, Гейдар Әлиев, Әбубәкір Диваев, Ұмай ана, Күлтегін көшелері соның дәлелі. Ал Анкарада ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев пен ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовке және Мағжан Жұмабаевқа, Ресейде Алашорда көсемдері мен Тұрар Рысқұловқа мемориалды тақта орнатылды. Осы жылы Астанада Анкара күндері өтті. Күзде Қырғыз киносының күндері ұйымдастырылмақ. «Бұл түркі тілдес елдер арасындағы қарым-қатынастың жемісі», - дейді минситр.

«Фармацевтика саласы жаңғырғалы жатыр». "Айқында" осындай тақырыппен жарияланған мақалада Қазақстан Республикасы үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасында фармацевтика өнеркәсібі экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде жарияланған. Осы бағдарламаға сәйкес фармацевтика саласы жақын жылдарда жаңару мен дамуға баса ден қойып отыр.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Абай еліне тікұшақпен барамыз ба?» деген мақала жариялап, жақсы мәселе көтеріпті. Басылымның жазуынша, Семей жеріне барып, қазақтың ұлы перзенті -хакім Абайдың, ойшыл Шәкәрімнің басына тағзым етіп қайтуды ниет етпейтін қазақ кемде-кем шығар. Ал шеттен келген қонақтардың арнайы бас бұратындары да көп. Бірақ Абай елін бетке алған сәттен-ақ қонақтардың көңілі құлази бастайды. Өйткені ол мекенге сапар шектіретін шойын жол жоқ, тек автокөлік жүретін тас жолдар ғана. Ал тас жолдардың тас-талқаны шыққан.

Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында медицина ғылымдарының докторы, дерматолог-ғалым Гүлсім Асқаровамен болған сұхбатты жариялапты. Ғалымның айтуынша, тері-венерология институты бізге аса қажет. Ол жабылмауы тиіс. Қазір кейбір шенеуніктер «мұндай институт бізге керек емес, тіпті облыстағы тері-венерология диспансерлерін де жауып, оның орнына әрбір аудандық емхананың ішінен бөлімдер ашу керек», - деген сияқты мәселелер көтеріп жүр. Біздегі жалғыз институт пен диспансерлерді жабуға әлі ертерек деп ойлаймын. Себебі біздің елімізде тері ауруларының түрлері өте көп әрі науқастардың саны да жоғары деңгейде тұр. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Елімізде тері ауруларынан емделетін бірде-бір емдеу санаторийі жоқ», атты сұхбатты оқыңыз.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Интеграция во имя безопасности» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, бүгінде Қазақстан мен Ресейдің төтенше жағдайлар саласы шекаралас аймақтарда бірлескен қимылдарды жандандыра түсуде. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің 8 аумақтық бөлімшелері мен Ресейдің төтенше жағдайлар саласының 10 Бас басқармалары төтеннен келетін апттан сақтандыру мақсатындағы ортақ жоспарға сай қимылдауда. Осы жоспарға сай тұрақты түрде бірлескен оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылып тұрады. Шекаралық аймақтардың құтқарушылары өзара тәжірибе алмасып, апатты жағдайларда қалай күш біріктіру қажеттігін сыннан өткізуде.

Соңғы жаңалықтар