Түркі елдері арасында ашылатын телеарнаның ғимараты Түркістанда болуы тиіс - Ахмет Йешильтепе

 ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркі әлемі елдері БАҚ өкілдерінің басын қосқан халықаралық журналистер форумында ортақ телеарна ашу мәселесі талқыланды. 

Түркі елдері арасында ашылатын телеарнаның ғимараты Түркістанда болуы тиіс - Ахмет Йешильтепе

Жиынға қатысқан Түркиялық «NTV» телеарнасының бағдарлама редакторы Ахмет Йешильтепе телеарнаның ғимараты Түркістанда болуы тиіс деген ұсыныс жасады. Ол өз ұсынысын киелі шаһарда түркі халықтарына ортақ Қожа Ахмет Ясауидің жатқандығымен түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Басқосуда сөз болған келелі мәселе төңірегінде  Түркі кеңесінің жоба жетекшісі Джейхун Шахвердиев, «TRT-Avaz» телеарнасының директоры Мұрат Аккоч пен бас кеңсесі Брюссель қаласында орналасқан «EURELIZ» Медиа және стратегиялық коммуникациялар компаниясының директоры, журналист Эли Хаджиевалар да өз пікірлерін білдірді. Қырғызстандық «Kabar» Ұлттық ақпарат агенттігі директорының орынбасары Тынчтык Карымшаков пен «Хабар» агенттігі» төрайымының орынбасары Ринат Кертаевтар да өз ойларын ортаға салды.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі халықтары арасында ортақ телеарна құру туралы ұсыныс жасағанына тура екі жыл толыпты. Осы екі жыл ішінде біздің Ақпарат және коммуникация министрлігі өкілдерінің және түркі мемлекеттері делегаттарының қатысуымен, көптеген отырыстар өтті. Осы уақыт аралығында арнайы жұмыс топтары жиналып, нақты ұсыныстар айтылды. Әрине, телеарна құру бүгінгідей экономикалық дағдарыс кезеңінде бірден жүзеге асатын дүние емес, Бірақ, дейтұрғанмен мемлекеттердің барлық телеарналарының, бұқаралық ақпарат құралдарының ауқымында байланысты дамыту, деректі фильмдермен алмасу, дайын контентті түрлі мемлекеттердің ақпарат құралдарында көрсету біртіндеп жүзеге асып жатыр»,- деді форумның модераторы Ринат Кертаев.

Түркі елдері үшін ашылатын ортақ телеарна құру мәселесі тұралы ұсыныстар ескеріліп, барлық мемлекеттердің министрліктеріне жолданатын болды. Бұл мәселе сондай-ақ «ЭКСПО -2017» халықаралық көрме аясында өтетін Еуразиялық медиафорумда талқыланбақ. 

Бүгінгі басқосу соңында сондай-ақ түркітілдес мемлекеттер арасында ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасасу туралы келісімге келді.