Түркі елдері Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін нығайта алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркі елдері маңызды геосаяси ойыншыға айнала алады. Бұл туралы «Түркі әлеміндегі экономикалық байланыс және интеграция» тақырыбындағы сарапшылар отырысында Әзербайжанның бұрынғы Премьер-Министрі Гасан Гасанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркі елдері Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін нығайта алады

«Транскаспий дәлізі көпбейінді, нақтырақ айтқанда, темір жол, автомобиль мен авиациялық дәлізге айналады. Бұған қоса, «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан-Түрікменстан-Әзербайжан» жобасы да пысықталып жатыр. Энергетикалық құбыр көлік жүйесін дамыту да Транскаспий дәлізінің құрамдас бөлігі бола алады», - деді әзербайжандық сарапшы.

Оның атап өтуінше, көбейінді Транскаспий дәлізі сәтті дамыған жағдайда Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде түркі мемлекеттерінің рөлін айтарлықтай нығайта алады.

«Бұл біздің ұйымды маңызды геосаяси ойыншыға айналдырады», - деді Гасан Гасанов.

Бұған дейін ол «Шығыс-Батыс» транскаспий халықаралық орта дәлізін тек қысқа ғана емес, сонымен бірге қауіпсіз әрі кедендік және транзиттік процедуралары үйлесімді, тиісті халықаралық конвенциялардың тиімді орындалуын қамтамасыз ететін табысты дәлізге айналдыру көзделіп отырғанын айтқан болатын.