Түркі елдері президенттері қол қоятын құжаттардың жобалары бекітілді
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысында ТМҰ мемлекеттері басшыларының саммитінде қол қойылатын құжаттардың түпкілікті жобалары бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер–Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысына қатысты.

«СІМ басшысы өз сөзінде ұйымның халықаралық аренадағы өсіп келе жатқан және шоғырландырушы рөлін атап өтті. Министр биылғы 12-13 қазанда Астана қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мерейтойлық саммитіне қатысқаны үшін ТМҰ өкілдеріне алғыс білдірді.

Отырыс барысында қатысушылар биылғы қарашада Өзбекстанда өтетін ТМҰ мемлекеттері басшыларының саммитіне дайындық мәселелерін талқылады, сондай-ақ осы іс-шара барысында қол қоюға жоспарланған құжаттардың түпкілікті жобалары бекітілді», - делінген ҚР СІМ мәліметінде.


Фото:gov.kz