Түркі халықтарына ортақ қазына - «Көроғлы» операсы Абай атындағы опера және балет театрында сахналанады

АЛМАТЫ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ -  Қыркүйек айының 12-де Абай атындағы  Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында  түркі халықтарына ортақ эпос -  «Көроғлы» опера жанрында түрік тілінде сахналанады,

Түркі халықтарына ортақ қазына - «Көроғлы» операсы  Абай атындағы опера және балет театрында сахналанады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қойылымның басты ерекшелігі - операны түркітілдес республикалардан келген 250 өнерпаз бірігіп орындайды.Бұл - түркі халықтарының өнер тарихында, жалпы опера тарихында  алғаш рет қолға алынғалы отырған ірі халықаралық жоба болып табылады. Опера алғаш рет қыркүйектің 9-да қырғыз жерінде көрсетіліп, одан соң Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан сахналарында қойылады.   

«Көроғлы» операсын сахналауға Түркиядан - 15, Қазақстаннан - 15, Әзірбайжаннан - 10, Башқұртстаннан - 10, Татарстаннан - 7, Қырғызстаннан - 180 өнерпаз қатысады. Қазақ елінен танымал опера әртістері  Шахмардан Әбілов,  Ахмет Агади, Дархан Жолдыбаев, Гүлзат Даурбаева басты рольдерді сомдайды. Қойылым Анкарада 15 қыркүйекте, Бакуде 18-ші қыркүйекте көрермендер назарына ұсынылады.

 «Түркі халықтарының мәдени ықпалдастығын арттыру мақсатында биылғы жылдың қыркүйек айында түркітілдес мемлекеттердің бірнеше ірі қаласында түркі опера өнерінің озық үлгісінің бірі болып табылатын, белгілі әзірбайжан композиторы Үзеир Гаджибековтың «Көроғлы» операсының түрік тіліндегі қойылымын жоспарлап отырмыз. Халықаралық жобаның мақсаты түркі халықтары арасындағы мәдени қатынастарды дамытуға, түркілердің ортақ мұрасын насихаттауға және әр елдің өнерпаздары бір-бірімен кәсіби шеберліктерін арттыруға ықпал ету болып табылады», дейді ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының   бас директоры Дүйсен Қасеинов.

  Жобаның негізгі ұйымдастырушысы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы және «Вокализ Организацион» фирмасы. Сонымен қатар, бұл шараға Түркия Үкіметінің «Танытма» қоры, Түркия Мәдениет және туризм министрлігі, Әзірбайжан Мәдениет және туризм министрлігі, Қырғызстан Мәдениет және ақпарат министрлігі, біздің елден Алматы қаласының әкімшілігі демеушілік көрсетіп отыр. 

  Халық аңыздарының негізінде жазылған Үзеир Гаджибековтың «Көроғлы» операсы  алғаш рет 1937 жылы сахналанған. Түрік, әзірбайжан  әдебиетінде Көроғлы қарапайым халықтан шыққан зорлық-зомбылыққа қарсы күрескер ретінде бейнеленсе, түрікмен, қазақ, қырғыз, өзбек әдебиетінде қаһармандық эпостың басты кейіпкеріне айналған.