Түркі халықтарының арасынан білікті сәулетшілер даярлап, түркі әлемінің тарихынан сыр шертетін ғимараттар салу керек - Абдолла Гүл
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл құрылтайдың басты мақсаты -түркі әлемінің идеяларын жұмылдарып, Астана секілді өркендеп келе жатқан қалаларды дамытуға негізделіп отыр»,-деді Президент. Осы тұрғыда Түркия Президенті өз елінің танымал сәулетшілері жинақтаған тәжірибелерімен осы құрылтайда барынша бөлісуге шақырды.
«Нұрсұлтан Назарбаевпен Астананың Сол жағалауын аралағанымызда өзіндік көріктілігімен ерекшеленетін тарихи-мәдени мәні бар ғимараттарды байқадым»,-деді А. Гүл.
Түркия басшысы бүгінде түркі әлемі елдерінде өзіндік ерекшелігі бар ғимараттар бар екенін айта келе, осы орайда бұл ерекшеліктерді сақтап қалып, білікті сәулетшілерді даярлауға бірлесіп күш-жігерді салу керектігін жеткізді.
«Себебі, біз басқа мемлекеттерден сәулетшілерді шақырған кезде олар өздерінің мәдениетіне, тарихына байланысты жобаларды жасайды. Сондықтан түркі халықтарының сәулетшілерін тәрбиелеуіміз қажет. Атап айтқанда, оларға біздің тарихты, мәдениетті жақсылап түсіндіріп, қалаларымызда керемет ғимараттарды салуымыз керек»,-деді Түркия Президенті.
«Ыстамбұл өзіндік тарихы, сәулет ғимараттары мол қала екенін білесіздер. Сол секілді түркітілдес халықтардың ішінде осындай қалаларды дамытуымыз керек. Біз бүгінде қазіргі заманғы үлгідегі нысандарды салып жатырмыз, алайда ата-бабамыз салған ғимараттар тектес тарихи әсері бар құрылыстарды іске асыруды ұмытпаған жөн», деді Түрік басшысы.