Түркі халықтарының бірлігі оларды тілдерінің жойылу қаупінен қорғайды - Оғыз Өжал

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЮНЕСКО істері жөніндегі Түркия ұлттық комиссиясының төрағасы Оғыз Өжал болашақта тілдерді жоғалтып алмау үшін түркітілдес халықтарды бірігуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркі халықтарының бірлігі оларды тілдерінің жойылу қаупінен қорғайды - Оғыз Өжал

Сарапшының пікірінше, экономикалық қатынастар, әлеуметтік байланыстар, мәдени қызығушылықтар түркі тілдерінің халықаралық қауымдастыққа енуіне ықпал еткенімен, оларға қауіп төніп тұрған жоқ деген сөз емес.

«Сіздер білесіздер Біріккен Ұлттар Ұйымында халықаралық алты тіл бар: орыс, араб, қытай, ағылшын, француз, испан. Халықаралық ғылыми қауым осы тізімге енбеген өзге тілдердің тағдырына алаңдаулы. Бұлардан бөлек 5-10 тіл бар, қалғандары болашақта жаһандану кезінде жойылып кетуі бек мүмкін. Бұл қауіп түркі тілдеріне де төнбес үшін бізге жақындасып, бір-бірімізді түсінуіміз керек», - деп атап өтті ол Астанада Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумында.

Оның сөзіне қарағанда, түркі тілінің құрамына кіретін қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан, түркмен, түрік тілдерінде қазір 300 миллионға жуық адам сөйлейді.

Айта кетейік, 26 мамырда Астанада Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумы өткен болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына арналған форумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ECO Science Foundation, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, ТүркПА сынды халықаралық ұйым басшылары мен өкілдері қатысты. АҚШ, Венгрия, Германия, Қытай, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей мен түркі мемлекеттерінен келген 200-ге жуық ғалым-зерттеушілер мен сарапшылар 6 панельді отырыста мазмұнды баяндамалар жасап, Елбасы мақаласында көтерілген міндеттер мен тақырыптар төңірегінде пайымды пікірлерін ортаға салды.