Түркі кеңесі елдері жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бакуде Түркі кеңесі елдерінің Жастар істері және спорт министрлерінің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Түркі кеңесі елдері жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Бұл  жиынға Түркия, Әзербайжан және Қырғызстанның жастар ісі және спорт  мемлекеттік органдары басшыларымен бірге ҚР Дін істері және азаматтық қоғам  вице-министрі Берік Арын қатысуда.

Отырыс барысында қатысушылар Жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық бойынша жұмыс тобының қызметін, Түркі кеңесінің жастар платформасының регламентін реттейтін құжаттарды мақұлдады, сондай-ақ Түркі кеңесі елдерінде өтетін III Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары, I Түркі универсиадасы, Түркі кеңесі елдерінің II жастар фестивалі сияқты бірқатар ауқымды іс-шараға дайындық барысын сараланды. 

Б. Арын қатысушыларды Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерген негізгі бастамаларымен таныстыра келе, ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды, салт-дәстүрімізді, мәдени ескерткіштерімізді жаңғыртуда Түркі кеңесі елдерімен өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Б. Арын түркітілдес елдерін 2017 жылғы 10-16 шілде аралығында Ақмола облысындағы Зеренді ауылында өтетін Түркі кеңесіне мүше елдер жастарының халықаралық жазғы лагеріне белсенді қатысуға шақырды.

Баку қаласына сапары барысында вице-министр Әзербайжан Республикасының діни ұйымдарымен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Мубариз Гурбанлы мырзамен екі жақты кездесу өткізді, онда діни ұйымдардың қызметін реттеу мәселелері және екі елдің аталған саладағы тәжірибелері талқыланды.  

Одан басқа, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Абел Магеррамовтің қабылдауымен университет жанындағы Абай орталығында болды. Аталған орталықпен жастарды ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге дағдыландыруға бағытталған жобаларды іске асыру туралы ынтымақтастыққа қол жеткізілді.