Түркі мемлекеттері арасында жеңілдетілген кеден дәлізі жүйесі құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркі мемлекеті ұйымдарының үкіметтері арасында«Оңайлатылған кеден дәлізі» жүйесі құрылуы мүмкін. Бұл туралы ел Үкіметі әзірлеген келісім жобасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құжатта көрсетілгендей, аталған жүйе Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мемлекеттерімен арадағы саудада кедендік тәртіптерді жеңілдетпек.
«Жеңілдетілген кеден дәлізі» – аталған елдер арасындағы тауар айналымында алдын ала ақпарат алмасуға және көліктің барлық түрлерінде пайдаланылуы мүмкін электрондық жүйе. Осы келісім күшіне енгеннен кейін тараптар 6 ай ішінде пилоттық жобаны ұйымдастырады және жүзеге асырады. Пилоттық жобаның алғашқы 3 айында тараптардың кеден органдары ақпарат алмасудың негізгі техникалық шарттарын, берілетін деректердің тізбесі мен құрылымын және ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптарды орындауы тиіс. Ал келесі 3 ай ішінде тараптар«Оңайлатылған кеден дәлізін» практикалық негізде іске асырады», - делінген құжатта.
Келісім аясында аталған елдердің сауда операторларына да басымдық беріледі. Атап айтқанда, кедендік ресімдеу уақыты қысқарады, оңайлатылған кедендік жүйе құрылады.
Сонымен қатар, кеден заңнамасын бұзу фактілері тіркелмеген болса, онда тауарды жіті тексеру жүргізілмейді.
Құжатта жазылғандай, егер жіті кедендік тексеру қажет болса, ол қысқа мерзімде жүргізілуі тиіс.
Фото: beltransways.com